Шымкентте Наурыз мерекесіне орай тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылды. «Ырыс» микроқаржы ұйымы арқылы несиелендірілген 40 шақты кәсіпкер өз өнімдерін нарықтағыдан арзан саудалады.

Ұлық мейрам қарсаңында арзан тауарларға қарық болған жұртшылық түрлі жарыстарға да қатысып, көңіл көтерді. Мерекелік нақышта ұйымдастырылған жәрмеңкеде көпшілікке бауырсақ пен көже таратылды.

Наурыз дәмін татқан жұртшылық асықпай шетінен азық түлік өнімдерін, киім-кешек пен қолөнер бұйымдарын сатып алды. Бұл күні ет, сүт өнімдері, жеміс-жидек пен көкөніс базар бағасынан арзан саудаланды.

Ал қолөнермен айналысатын Майра Рашидқызының тауарлары алыстан көз тартады. Изалон, гофра қағаздары сияқты экологиялық таза материалдардан өнім жасайтын ол жуырда «Ырыс» шағын несие ұйымынан қаржы алып, ісін дөңгелетуге кірісіпті.
Мұндағы өнімдердің барлығы да отандық. Былтыр инвестициялық ұйым 2 мыңнан аса жобаны қаржыландырған. Бұл мақсатқа 8 млрд. теңгеден аса қаражат жұмсалыпты.

Наурыз қарсаңында ұйымдастырылған жәрмеңкеден жұртшылық құралақан қайтпады. Сауда-саттық жасап болған соң түрлі спорттық ойындарға қатысып, жеңімпаздарға тарту-таралғылар үлестірілді. Өнер десе делебесі қозған қыз-келіншектер де тіпті кішкентай балалар да түрлі додаларға қатысып, барын салды.