ОҚО-да 12 адамнан тұратын қылмыстық топ мүшелері сотталды

407

Оңтүстік Қазақстан облысында 12 адамнан тұратын  ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері сотталды. Оларға жалған құжат жасау арқылы салықтан жалтаруға қолғабыс еткен деген айып тағылды, деп хабарлайды inform.kz.

Облыстық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Дәурен Мадалиевтің айтуынша,  топ мүшелері 2013 пен 2016 жылдар аралығында жалған есептік құжаттар жасап, коммерциялық ұйымдарға ұсынып отырған.

«Жалған құжаттардың арқасында кәсіпкерлер қолдан шығынын көбейтіп жазып, салықты аз төлеп отырған.  Осылайша мемлекетке 300 млн теңгеден аса ақша түспей қалады. Сот барысы кезінде айыпталушылардың жасаған қылмыстарына байланысты түрлі мерзімдегі жазалар тағайындалды.

Топты ұйымдастырған екі адам 7 жылдан жаза арқаласа, 8 адам 5 жылдан аса мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Екі айыпталушы рақымшылыққа ілінген. Олар сот залынан босатылды»,- дейді судья Дәурен Мадалиев.