ОҚО-да жастарға арналған «IT park» мектебі ашылды

819

Білім саласына бағытталған қосымша гранттар техникалық білім алуға құштар студенттердің қызығушылығын оятты. Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті алдағы таңда цифрлық технологияға негізделген жаңа мамандықтарды ашуды жоспарлап отыр. Ал облыстық жастар орталығы өзгеше ойлау қабілеттіне ие дарындарға арнап «IT park» жобасын бастады,  деп хабарлайды 24.kz.

Жора Сағабек — М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің 1-курс студенті. Техникалық мамандықта білім алады. Болашақ мұнай газ саласының маманы. Сабақтан бос уақытын кітапқа арнайды. Студент жасты бүгінгі Президенттің әлеуметтік жаңа бастамалары қызықтырыпты. Әсіресе өзі оқып жатқан техникалық мамандықтарға гранттың көптеп бөлінетініне қуанышты.

Жора Сағабек, М.Әуезов атындағы ОҚМУ 1-курс студенті: “Техникалық мамандықтарға гранттың көп бөлінетініне қуаныштымын. Себебі әлемнің сұранысы осы техникалық мамандықтар болып тұр. Осы беріліп жатқан мүмкіндіктер арқылы біз жастар Қазақстанның дамуына өзіміздің үлесімізді қосуымыз қажет”.

Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы жаңа экономикада сұранысқа ие маман даярлау – университеттің әуелгі мақсаттарының бірі. «Сондықтан алдағы уақытта жаңадан 15 мамандық бойынша факультет ашу жоспарда бар», – дейді жоғары оқу орнының басшылығы.

Қанат Байболов, М.Әуезов атындағы ОҚМУ проректоры: “Робототехника, михотроника және құрылыс саласына байланысты ақылды қала жобаларына сәйкес келетін мамандықтарды ашқалы отырмыз. Жаңа мамандықтарды ашу үшін Атластың жаңа профессиясы бойынша сараптама жасадық. Сол бойынша өзімізге 10-15 мамандықты діттеп отырмыз”.

Ал облыстық Жастар рессурстық орталығы ақпараттық технологиялар саласына қызығатын жастарға арнап «IT park» мектебін ашты. Бұл жобада ең әуелі 14-29 жас аралығындағы жастарды ақысыз оқытып, цифрлық сауаттылықтың қыр-сырын үйретеді. Өзін IT саласында көргісі келетін 700-ге жуық жас жобаға қатысуға өтінім білдірген.

Азиз Есжанов, IT park» жобасының үйлестірушісі: «IT park» мақсаты – жастардың арасында цифрлық сауаттылығын арттыру. Одан бөлек, жастар өздерін ITжобасын ашамын десе, оларға көмек көрсету. Ол жобаға инвестиция тарту”.

Қазірдің өзінде талантты жастар 5 жобаны қолға алған. Әсіресе тұрғындар үшін «Smart on» «Latyn» мобильдік қосымшаларының пайдасы мол болмақ. Смартфон гаджет арқылы аударма жасап, кез келген ақпаратты алуға болады. Ал жыл соңында 10 заманауи үздік жоба әзірленіп, іске қосылмақ.