ОҚО ішкі саясат басқармасының бұрынғы басшысы Болатбек Төлеген бүгін сот залынан босатылды

779

Экс-басшы Шымкент қаласы Абай аудандық сотының үкімімен ҚР ҚК нің 366 бабының 3-ші бөлігі, 1-ші тармағымен кінәлі деп танылды. Осы баппен мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда басқару құқығынан өмір бойына айырылды.

40 млн. 547 мың 840 теңге айыппұл төлеу жазасы кесілді. Үкім заңды күшіне енген күннен бастап бір айдың көлемінде айыппұл төленуі тиіс. Төленбеген жағдайда сот үкімі қайта қаралатын болды. Болат Төлегеннен мемлекет кірісіне жалпы 224 909 теңге процестік шығындар өндірілді.

Еске салайық, 2017 жылдың 6 қазанында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті облыс әкімдігінің Ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Төлегенді 2,1 миллион теңге сомасында пара алып жатқан жерінен ұстаған болатын.

Құзырлы органның сол уақытта таратқан баспасөз мәлімдемесінде ақшалай қаражаттың ақпараттық қызметтерді мемлекеттік сатып алу бойынша келісімшарттың ақысы ретінде бөлім басшысы Н.Р.Шалкеевтің араға жүрушілігімен алынғаны айтылған-ды.

Б.Төлеген 2 100 000 теңге пара талап еткендігі жөніндегі тағылған айыптаудан аталған пара сомасынан ішінара бас тартқан. 1 500 000 теңге пара алғандығы жөніндегі бөлігі дәлелденбеген. Алты айға созылған тергеп тексеру, сот тергеуіне бүгін нүкте қойылды.