ОҚО-да жас құтқарушылар марапатталды

693

Оңтүстік Қазақстан облысында тұрғындарды өрт пен судан аман алып қалған жас құтқарушылар марапатталды. Олардың үшеуіне «Ерлігі үшін» медальдар, тағы екеуіне грамоталар мен бағалы сыйлықтар табыстады, — деп хабарлайды inform.kz.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде ұйымдастырылған салтанатты шарада балалар мен ересектерді  өрттен құтқарып, ерлік жасаған қазіргі заманның батырларына ерекше құрмет көрсетілді.  Атап айтқанда, Дмитрий Каюрин, Нұрбек Таукеев пен Ілияс Үркімбаевтарға «Ерлігі үшін» медальдары, сондай-ақ алғыс хаттар табысталды.

 

 

 

Бұдан бөлек, Ғ.Мұратбаев атындағы №23 орта мектеп оқушысы Демежан Алтайға және Шымкент қаласы «Болашақ» колледжінің 1-курс студенті Нұрман Әлібаевқа грамоталар мен бағалы сыйлықтар берілді.

Айта кетсек, Алтай Демежан 2017 жылғы 9 сәуірде шамамен таңғы сағат 10.00-де «Көкмойын» арық арнасына батып бара жатқан баланы байқап қалған. Ойланбастан тереңдігі 2 метр болатын каналға түсіп, ағып бара жатқан 1,5 жасар Нұрділлә Ержанды жағаға алып шыққан болатын. Бүлдіршінге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, оның өмірін құтқарып қалған еді.

Ал Сарыағаш ауданында тұратын студент Нұрман Әлібаев өткен жылы 15 маусымда «Келес» өзенінің бойында орналасқан ағасының үйіне қонаққа барған. Ол далада жүрген кезде шомылып жүрген қыздардың «Аружан суға ағып бара жатыр» деген дауыстарын естіген. Өзенге жүгіріп келген жігіт 14 жастағы қыздың суға ағып бара жатқанын көреді. Жасөспірімнің денесі судан біресе көрініп, біресе батып бара жатқан.

Онсыз да ағысы қатты  өзеннің  ені 15 метр, тереңдігі 3-4 метр болғандықтан ешкім құтқаруға бата алмаған. Осы кезде Нұрман өзеннің ағысымен жүзіп барып, қыздың киімінен ұстап алған. Содан жағаға алып шыққан еді. Аружанның өкпесі суға толып, демі тоқтап қалған болатын. Нұрман саспастан, қызға алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Осылайша  өмірін құтқарып, шақыртылған жедел жәрдемнің дәрігерлеріне табыстай алды.