«Жаңа күн» бағдарламасының бүгінгі қонақтары Шымкент қаласы төтенше жағдайлар басқармасы азаматтық қорғаныс бөлімінің басшысы Нұржан Қаракөзов және Шымкент қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік құпияны сақтау және жұмылдыру бөлімінің басшысы Гүлжаһан Насруллаева:
— Көктемнің алғашқы күні азаматтық қорғаныс күні екені белгілі. Аталған сала қалай құрылған, тарихын айта отырсаңыздар…
— 1932 жылы жергілікті әуеге қарсы қорғаныс құрылымы болып құрылған. Бұл жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып халықты әуеден қорғайтын күштерден құралған. Химиялық қауіпті заттарды тастайтын жағдайда халықты панаханаларға орналастырып, жұмылдырып, эвакуация жасау, тыныштығын сақтау басты міндеттердің бірі. Егемен ел болғаннан кейін республикалық қорғаныс саласын Премьер-министр, облыста — облыс әкімі, қалалық деңгейде қала әкімі азаматтық қорғаныс саласыныың бірінші басшысы болып саналады. Мемлекеттік деңгейде қала, аудан, жергілікті атқарушы деңгейде бірінші басшы азаматтық қорғанысқа жауапты, азаматтық іс-шараларды жүргізуге міндетті болып табылады.
— Азаматтық қорғаныс жөнінде көпшілік біле бермейді. Осы төңіректе сауалнама жүргізіліп тұрады ма?
— Шымкент қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлерімен мекемелерде, мектептерде, білім ордаларында маусымға сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, көктемде су тасқыны басу қауіптері болуы мүмкін, соның алдын алу іс-шараларын қала аумағында орналасқан нысандарда сауалнама жүргізіліп отырады. Қандай дайындық жасау керек, халық моральдық-психологиялық жай күйімен қабылдауға дайын екенін сұрап, методикалық көмек көрсетіп тұрамыз.
— Сауалнама нәтижесі қалай болады?
Гүлжаһан Насруллаева:
— Өте төмен деңгейде. Көпшілік бұған немқұрайлы қарайды. Қаладағы төрт ауданда, тұрғын алаптарда, елді-мекендерде алғашқы көмек көрсету болсын, сейсмикалық жағдайда, газбен улану жағдайларында алғашқы көмек көрсету, оқу жаттығу өткізу кезінде өте салғырт қарайды. Әрине бұл жұмыс мамандардың түсіндірме жұмыстарымен шектеліп қалмауы керек. Халықтың өзіне қажетті нәрсе. Жастар интернеттен оқып алады. Ал егде жастағылар хабарсыз. Оқу жаттығу өткізген кездерде жұртшылықтан қатысуын өтініп сұраймыз, жиналыңыздар десек «біз білеміз мұны, Құдай сақтасын» деп салғырт қарайды.