Наурыз татулық айы, кешірім айы, ынтымақ айы. Ұлыстың ұлы күні Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Сарыағаш ауданы Абай елдімекенінде болып, ел ағаларымен, ауыл тұрғындарымен кездесті. Ынтымаққа, бірлікке бастайтын айтулы мерекеде тұрғындарды татулықтың ұйытқысы болып, бірлесе еңбек етуге үндеді.
«Мемлекет ретінде қалыптасып, Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне ширек ғасыр ғана болған бізге татулық пен ынтымақ өте қажет. Сарыағаш шекаралық аймақта орналасқан стратегиялық аудан. Мұндағы халықтың өсімі өте жоғары. Сондықтан да елдің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында Елбасымыздың қолдауымен жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мұның бәріне елдегі тұрақтылық пен бірліктің арқасында қол жеткізіп отырмыз. Осы жетістіктерімізді ел ағалары мен тұрғындары қолдап, қуаттап отырса, бұдан да жоғары жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндігіміз мол», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сондай-ақ, облыс әкімі кездесу барысында Абай ауылында орын алған оқиғаға да тоқталды. Бұл мәселемен тиісті құзырлы органдардың айналысып жатқанын айта келе, болшақта мұндай жағдайлардың орын алмауы үшін ел ағалары, ауыл билері бірігіп жүйелі түрде жұмыс істеу керектінін мәлімдеді.
Кездесуде сөз алған ауыл биі М.Ілесбеков ел ішіндегі түрлі мәселелердің дер кезінде шешілуіне ел болып атсалысып, жұмылу қажеттігін жеткізді. Жиын соңында облыс басшысы сарыағаштық тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, елімізде тыныштық пен берекенің салтанат құруын тіледі.