Оңтүстік Қазақстан облысы Шарадара ауданында көктемгі егіс егу науқаны басталды. Оның ішінде жаушықұмдық диқаншы алғаш болып инновациялық әдіс бойынша пияз егуді бастап кетті. Аталған әдіспен пияз егуді бірнеше жыл бұрын қолға алған «Тұрар» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі 33 гектар алқапқа пияз тұқымын сеуіп шықты.
Шаруаның айтуынша, бұл технология бір мезетте бірнеше жұмысты атқарып шығады екен. Біріншіден түйір кесек қалдырмай үгітілген топыраққа 3 см-ден тұқым тастаса, екіншіден тамшылатып суаратын су түтігін қоса көміп кетеді. Сапасы жоғары голландтық пияздың тұқымы біркелкі егілгендіктен шығымы да түгел болады.
«Бір гектарға 5 келідей тұқым кетеді. Жаңа технологияны ендірудің арқасында шығын көлемі бұрынғыдан 5 есе азайып, есесіне өнімділік арта түсті. Өткен жылы әр гектарына 100 тоннадан өнім алдық»,- деді «Тұрар» ауыл шаруашылығының төрағасы Юрий Ан.
Биыл жалпы шардаралық диқандар 59 300 гектар алқапқа егін екпек. Ал ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру мақсатында осы жылы былтырғы 2017 жылмен салыстырғанда жаздық арпа 1573 гектардан 2000 гектарға, күріш 896 гектардан 1200 гектарға, дәндік жүгері 2723,7 гектардан 6400 гектарға, жаңа жоңышқа 4484 гектардан 5000 гектарға, бақша 8815,3 гектардан 11050 гектарға, бір жылдық және көп жылдық мал азықтық дақылдары 22365 гектардан 24358 гектарға ұлғайту межеленуде. Керісінше мақта дақылын егу 20460 гектардан 12000 гектарға дейін азайып отыр.
Шаруашылықтың тұқым себу жұмысымен танысқан аудан әкімі Болатбек Қыстауов жаңа технологиямен егін егу — шаруа шығынын азайта отырып, мол өнім алуға қол жеткізетінін атап өтті.
«Тұрар» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде жаңа әдіспен егін егуді бастап жатыр. Озық технологияны пайдалану дегеніміз – шаруа шығынын азайта отырып, мол өнім алуға қол жеткізу екені белгілі. Юра бауырымыз былтыр жоғары жетістікке қол жеткізген, биыл да сол биіктен көрінеміз деп сенеміз.
Бұл шаруашылық пияздан бөлек тағы да 33 гектар алқапқа мақта дақылын, 10 гектар алқапқа бақша дақылдарын тамшылатып суару әдісімен егуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан қойылып отырған міндеттің бірі – ауыл шаруашылығы саласын әртараптандыру. Яғни, ауыспалы егісті сақтай отырып, диқандарымыз табысы мол дақыл түрлерін егуді қолға алу керек. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, — деді аудан басшысы.
Қазіргі күні диқан қауымы жер жырту жұмысын аяқтап, сор шаю, ылғалдандыру жұмыстарымен айналысуда. Ал аудан әкімінің өкімімен «Ауданда 2018 жылғы көктемгі дала жұмыстарына жәрдемдесу жөніндегі» аудандық штаб құрылды. Бүгінгі таңда ауданда тракторлардың 941 данасы көктемгі дала жұмыстарына тартылуда.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі