Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД-де Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының ұйымдастыруымен «Елім менің –Қазақстан» атты патриоттық ән байқауы болып өтті.
Байқау Қазақстан Республикасының президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру мақсатында және ҚР ІІО-да тілдерді дамыту мен қолданудың 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес өткізілді.
Оңтүстік полицейлері арасындағы күміс көмей, жез таңдайы іріктеліп алынған байқауда облыстық Департамент аппаратының жеке құрамынан жалпы 21 үміткер қатысып, бақ сынады. Ән додасына қатысушыларға қойылған басты талап, саусақпен санарлық патриоттық әндерді нақышына келтіре орындай білу болды.
Байқау кезінде қатысушылардың барлығы да жақсы өнер көрсетті. Олардың жұмыс уақытының тығыздығына қарамастан байқауға үлкен дайындық келгендері, киім үлгісін әзірлеуде еңбек еткендері көзге көрініп тұрды.
Сайыс соңында полицейлердің өнерін әділ бағалау үшін құрылған қазылар алқасының шешімімен қатысушылар өз лайықты бағаларын алды. Сонымен, қазылар алқасының көңілінен шығып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген ОҚО ІІД ЖППП-нің полицейі полиция сержанты Ермекбаев Бахтияр «Гүлістан — Қазақстан» әнімен 1-орынға лайық деп танылды.
Ал 2-орынды Шымкент ҚІІБ Абай ПБ-нің инспекторы полиция аға лейтенанты Айгүл Қалиева және Түлкібас АІІБ-нің инспекторы полиция капитаны Сәкен Кенжеевтер иеленді. Айтулы сайыста 3-орынды қанжығасына байлағандар Төлеби АІІБ-нің инспекторы полиция капитаны Қуаныш Түймебеков және Шымкент ҚІІБ-ның инспекторы полиция капитаны Әдемі Абдіровалар болды.
Сонымен қатар байқауға қатысқан бірқатар үміткерлер «Белсене қатысқаны үшін» номинациясымен марапатталды.
Барлық жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен грамоталар табыс етілді.
Айта кетейік, осы бағыттағы дәстүрлі және патриоттық әндерді дәріптейтін, ұлттық сананы көтеретін ән додаларын өткізіп отыру департаменттің жыл сайынғы дәстүріне айналған.
ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы