Биыл Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көптеген республикалық және халықаралық жаңа жобалар жүзеге асырылатын болады.
Атап айтсақ, мамыр айында Оңтүстік Қазақстан облысында «Ордабасыға оралу: Береке басы – бірлік» тақырыптарында үлкен іс-шара өткізіледі. Сондай-ақ, әр жыл сайын «Туған жерге тағзым: Ордабасы көктемі» атты жастар форумы дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, «Ақсу-Жабағылының алауы, Шұбайқызылдың жалауы» қызғалдақ фестивалі, «Қымызмұрындық», «Safari Shardara», «Қауын fest» сынды бұрын – соңды болмаған жаңа бағыттағы шаралар жоспарлануда. Бұл туралы Қазығұрт ауданындағы «Наурыз Қазығұрттан басталады» ұлттық мейрамында Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев мәлім етті.
«Алқызыл қызғалдақтың ең әдемілері Түлкібастағы Ақсу-Жабағылыда және Шұбайқызыл аталатын теңдесі жоқ төбеде өседі. Қызғалдақ – облысымыздың символы, ол «Қызыл кітапқа» енген, яғни айырықша қорғауды қажет етеді. Сондықтан, осы мақсатта жыл сайын сәуір айында «Қызғалдақ фестивалін» өткізуді қолға алғалы отырмыз. Сондай-ақ, өңіріміздегі білім ұяларынан түлеп ұшқан түлектерін жаңа өмірге Ордабасы тауынан аттандыру дәстүрі қолға алынады.
КСРО Суретшілер одағының 12 мүшесі Төлеби ауданы Қасқасудан шыққан. Осыған орай, Төлеби ауданында халықаралық, республикалық дәрежедегі суретшілер мен мүсіншілердің заманауи өнер биеналлесін өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, тамыз айында жыл сайын «Қауын fest» ал, қыркүйек айында «Агро fеst» фестивалін өткізу де жыл сайынғы дәстүрге айналады.
Басқа шаралармен қатар Сарыағаш ауданында жыл сайын «Open Saryagash» атты халықаралық, республикалық деңгейлерде гольф жарыстары өткізіледі.
Оңтүстікте қысқы спорт түрлерінен жарыстар өткізуге де қолайлы орындар жеткілікті. Соның қатарында Төлеби ауданында «Қасқасуға қар түсті», «Қасқасу қысы», «Қасқасу мен Біркөлік арасындағы шаңғы шаттығы» байқауы, «Тау самалы – жан самалы» іс-шараларын өткізу жоспарлануда. Бұл іс-шараларда шаңғымен сырғанаудан сайыстар, жаппай сырғанау, «Тау самалындағы» аспалы жолмен саяхаттау, түрлі ойындар мен жарыстар өткізілетін болады.
Ал, қыс айларында облысымызда «Салбурын – саятшылық мерекесі» мен «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты іс-шаралар ұйымдастырылады. Оның мақсаты – жас ұрпақ бойына бабалар салтын сіңіріп, саятшылықты, ұлттық спорт түрлерін насихаттау. Осы іс-шаралар аясында бүркіт салу, тазы жүгірту, құсбегіліктен сайыстар өткізіледі. Бұл шараларды халықаралық деңгейге көтеріп, әр жыл сайын шетелдік туристер арнайы келіп тамашалайтындай дәрежеге жеткізу көзделіп отыр.
Еліміздің рухани астанасы – Түркістан қаласы мен киелі Отырар ауданында «Ұлттық қолөнер – ұлы мұра» іс-шарасын өткізу жоспарда бар.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі