Оңтүстікқазақстандық жастар Қызылорда облысына эстафета жолдады

491

Облыстық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасы Қазығұрт ауданындағы «Кеме қалған»  монументі маңында  Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында тазалық акциясын өткізді.

«Киелі Оңтүстік Қазақстан» тақырыбында өткен шараның мақсаты – аталған аумақты көгалдандырып,  тазалық жұмыстарын жүргізу.   Тазалық шарасына облысымыздың жоғары оқу орнында білім алып жатқан 500-ге жуық  белсенді студент қатысты.  Оның 150-і еріктілер.

«Бүгінгі акцияда жастар өңіріміздің киелі орындарын тазалап, көріктенуіне үлес қосты. Шара мұнымен шектелмейді.  Біз мұны видеоэстафеда түрінде қызылордалық жастарға жолдағалы отырмыз», – деді басқарма  басшысы Балмаржан Нарбекова.

Акция аясында «Кеме қалған» ескерткішінің  аумағына 1000-нан астам 4 түрлі ағаш көшеттері отырғызылды. Сондай-ақ, белсенді жастардың қатысуымен тау бөктерінде флешмоб биі ұйымдастырылды.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі