Пәтерін жалға беретіндермен күрес басталды

599

Жалдамалы пәтер тыныштығын бұзған шымкенттіктер жауапты басшылардың алдында шу шығарды. Қала тұрғындары әкімдіктегілер, полиция және салық басқармасының өкілдерін жинап, он жылдан бері тыныштығын бұзған жалдамалы пәтерлердің проблемасын шешіп беруді сұрады.

Жеңіл жүрісті қыздар мен тәулікке берілетін пәтердегі сорақы әрекеттерден шаршаған тұрғындар бұл жиында шенеуніктердің жағасынан алды. Айтуларынша, үйлеріне қонақ кірмек түгілі, өздері де кіруге ұялады. Өйткені тәулікке пәтерді жалға беретін көршілері әбден тыныштығын бұзған. Тіпті Айбергенов көшесін жағалаған жеңіл жүрісті қыздар бұл аумақты нағыз табыс көзіне айналдырып алыпты.

Тәулікке берілетін пәтерлерде қайғылы жағдайлар көп тіркеледі екен. Ал жақында Республика даңғылындағы көп қабатты үйлердің біріндегі пәтерде болған сұмдық жағдай жергілікті тұрғындардың жағасын ұстатты.

Тұрғындардың айтуынша, Республика даңғылындағы 15 а көп қабатты үйдегі пәтерде екі адамның мәйіті табылған. Бұл пәтер тәулікке жалға беріледі. Анықталғандай, марқұм кісілер Өзбекстан елінің азаматтары болған.

Оқыс оқиғадан кейін жалға берілетін пәтердің есігіне полицейлер мөр басып, уақытша кіруге тыйым салған. Қазір осы жағдайға байланысты ІІД тексеру жұмыстары жүргізілуде. Құзырлы орган өкілдері пәтерлерін жалға беретін кәсіпкерлермен күресу үшін халықты бірге жұмыс істеуге шақырды. Енді полицейлер тұрғындармен бірігіп қоғамдық кеңес құрып, әр ай сайын пәтерлерді жеке жеке тексеріп шықпақ.

Ерғали Кенжебаев, Әл-Фараби АІІБ жергілікті полиция қызметінің басшысы: «Тұрғындармен кездесу өткізіп, қоғамдық кеңес құрып, тұрғындар арасынан төраға сайлап, осы жерден жеті адамнан құралған комиссия құрамыз. Әр ай сайын рейд жүргізіп, соның орындалу барысын қадағалауды жоспарлап отырмыз».

Әл Фараби аудандық Ішкі Істер бөлімі осылайша жалға берілетін пәтерлердің мәселесін шешпек. Дегенмен тәулікке пәтер беретін азаматтар өз істерін заңдастырып та үлгерген. Дәлірек айтқанда, кәсіпкер ретінде тіркеліп, үйін жалға бергені үшін мемлекетке салық төлейді. Сондықтан бұл кәсіпкерлердің ісін заңсыз деу қиынырақ. Дегенмен шенеуніктер халықтың арызы бойынша мәселені шешуге ат салысамыз деп тағы да уәдені үйіп төкті.

Лаура Нақыпқызы