Сапалы жиһаз шетелдікінен кем емес…

1098

Бүгінде ел ішінде он саусағынан өнері тамған шеберлер көп. Олардың басым бөлігі заман талабына сай кәсіпкерлікке бет бұрып отыр. Әрі шеберлігін шыңдайды, әрі кәсіп көзі. Кентаулық кәсіпкер Жұбайхан Жалишев бүгінде ас үй және жатын бөлме жиһаздарын жасайды.

Оның қолынан шыққан дүниелерге қызығушылардың қатары көп. Зауыттан шыққан өнімнен бірде бір кем емес. Арнайы цехта айына 15 ас үй, 15 жатын бөлме гарнитурын жасап шығарады.

Тек қана жиһаз жасаумен ғана шектеліп қалмай, ерекше тапсырыстар да жасайды. Оның ішінде ою өрнекпен әсемделген есіктер мен шкафтар да бар. Істің көзін таба білген кәсіпкер қалдықсыз өнім өндіруге бейім. Яғни, тақтай, фанералардың қалған ұсақ бөліктерінен әсем қобдиша, шахмат тақташаларын жасайды. Ал ағаштың қалған ұнтағын да кәдеге жаратын отырған жайы бар. Одан боксқа арналған ұратын қаптар жасалады.

Жиһаздың дизайнын алтын қолды шеберлері тегін жасайды. Тұтынушыны қуантатын ерекше сыйлары тағы бар. Егер клиент тапсырысты бірден рәсімдеген жағдайда, бонус ретінде тегін құрап, тұрмыстық техника қосып береді. Өнімге бір жылдық кепілдігі бар.
Бәсекелестік басып озып тұрған шақта тұтынушының көңілінен шығып, сапалы өнім ұсыну кәсіпкердің басты қағидаларының бірі.

Ең бастысы қолжетімді баға. Тапсырыс берушілер кәсіпкердің өз каталогынан немесе өзіне ұнаған дизайн бойынша жасата алады. Түпнұсқадан айнымайтын жиһазға тапсырыс берушілер дән риза.

Бүгінде жұмыстың өнімділігін өкіртетені сан алуан құрал жабдықтар бар. Заманауи техникаларды сатып алуды мақсат еткен кәсіпкер былтыр 6%-бен берілетін жеңіл несие алмаққа «Ырыс» МҚҰ-на несие алуға жүгінді.

Аз ғана уақыт ішінде өтінімі мақұлданып, қаражатқа қол жеткізді. Жиһаз қырларын желімдеуге арналған станок сатып алуға жұмсады. Бүгінде өнімі өтімді. Жұмыс өнімділгі де артқан. Қолы алтын кәсіпкердің өнімдеріне тапсырыс берушілер қатары артып келеді.

Гүлжан Жұмаш