«Шабыт» әдеби бірлестігі құрылды

879

Жуырда Түлкібас аудандық “Шамшырақ” қоғамдық-саяси газетінің редакциясында әдебиет сүйер қауым үшін елеулі жаңалық орын алды. Бұл күні ауданымыздағы ақын-жазушыларының басын қосқан жиында “Шабыт” әдеби бірлестігінің тұсауы кесілді.

Жасыратыны жоқ, күні бүгінге дейін түрлі жағдайлармен аудан көлемінде тұратын қаламгерлердің еңбектері еленбей қоғамнан тысқары қалып келді. Олардың жазған шығармалары оқырмандарына жетпей жатты. Ауданымыздың әдебиет әлемінде бұған дейін де Төлеген Айбергенов атындағы әдеби бірлестігі мен “Дала” әдеби шығармашылық орталығы болған еді.

Әйтсе де, олардың ғұмыры да көпке бармай тоқтап қалған-ды. Енді міне, аудан әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы Тұрашбековтің қолдауымен, “Шамшырақ” газетінің директор-бас редакторы Марат Қалтаевтың ұйымдастыруымен “Шабыт” әдеби бірлестігі құрылып, әдебиет сүйер қауымға есігін айқара ашты. Сейсенбі күні өткен редакциядағы жиынға ауданымыздың бас ақыны Әбдібек Аралбай, қарт қаламгер Балтабай Есімбеков, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, сатирик-ақын Алпысбай Боранбайұлы, кітаптары жарыққа шыққан ақын -жазушылар Шынарбек Үсіпбаев, Ерғали Жүсіпбеков, Серғазы Әбілмажанов, жас ақындар Гүлнарай Сатымбекова, Тұрысбек Келімбетовтер арнайы шақырылды. Жиынды газет редакторы Марат Қалтаев пен журналист Кендебай Айтқұлов жүргізіп отырды.

Газет редакторы Марат Қалтаев әдеби бірлестіктің ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толуына орай ашылып отырғанына, ақын-жазушылардың бұл талпыныстарын аудан әкімі Н.Тұрашбековтің өзі қуаттап, қолдап отырғанын жеткізді. Сонымен қатар, осы әдеби бірлестік құрылған жағдайда не істеу керектігін жалпы аудандық газет “Шамшырақтың” бүгінгі аяқ алысы қалай, осы мәселе төңірегінде жиналғандарды пікір алысуға шақырды.

Сонымен қатар, ол бұл оңды көріністің бәрі Елбасымыз Н.Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру”-атты бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асып жатқанына қуанышты екенін айтып өтті. Аудан айнасы — “Шамшырақтың” бүгінгі тыныс-тіршілігіне риза екенін жеткізген қаламгерлер газеттің сапасы өзгеріп, қызықты да тартымды дүниелердің бар екенін айта отырып, алдағы уақытта сын мақалаларды да жазуды қолға алса екен деген ой-ұсыныстарын жасырмады.

Сонымен екі сағатқа созылған қаламгерлер жиында әдеби бірлестіктің аты “Шабыт” болып, оның төрағалығына ауданымызға белгілі ақын Ерғали Жүсіпбеков бір ауыздан сайланды. Одан әрі бұл шығармашылық ортасының жөн-жобасы бекітіліп, оған мұндағы ақын-жазушылар бір мәрте әр айдың соңғы жұмасында кездесіп тұрайық деген мәмілеге келді. Өмірге жаңа келген әдеби бірлестіктің алдында болашақта кітап шығару, қаламгерлердің шығармашылық кештерін өткізу секілді міндеттер жүктелді.

Ақын-жазушылардың басын қосқан жиында қарт қаламгер Балтабай Есімбеков бата берсе, жас ақын Тұрысбек Келімбетов жаңа әдеби бірлестіктің құрметіне домбырамен жырдан шашу шашты. Жиынды “Шамшырақ” газетінің директор-бас редакторы М.Қалтаев қорытып, арнайы уақыт бөліп келген ақын-жазушыларға өз ризашылығын білдірді.

Орынтай Өксікбайұлы