Шаруаға жанар-жағармай жеткізіп бере алмаған операторларға шара көріледі

483

Шаруаға уақытында жанар-жағармай жеткізіп бере алмаған операторларға шара көріледі. Бүгін көктемгі дала жұмыстарын баяндап, брифинг берген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басқармасының басшысы Серік Тұрбеков осылай деді.

Салаға жауаптылар егістікке қажетті жанар жағар май мен тыңайтқыш жеткілікті деп сендіреді. Айтуыларынша күнгей шаруалары тиісті мемлекеттік қолдауларға уақытында қол жеткізе алады. Тек шапшаңдық қажет дейді.

Ауа райының қолайсыздығына қарамастан күнгей дихандары көктемгі дала жұмыстарына кірісіп кетті. Бүгінде егістікке дайындалуы тиіс 508 мың гектар алқаптың дені айдалып біткен. Сор шаю жұмыстары жалғасып жатыр. Салаға жауаптылар өңірдегі 72 мың шаруаға қажетті жанар-жағармайды толық жеткізіп бере алмасақ та тиісті деңгейді қамтуға қауқарлымыз деп сендірді. Ал жылда дихандардың қолын жіпсіз байлайтын, қажет кезде жанар-жағармайды жеткізіп бере алмай салғырттыққа салынатын операторлар бұл нарықтан шеттетіледі.

Биыл көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 38 мың тонна дизель отыны бөлінген. Оператордың агроқұрылымдарға жеткізу қызметін қоса есептегенде 1 литр 138-140 теңге шамасында белігіленіп отыр. Алайда, көп шаруаның тиесілі жанар-жағармай мен тыңайтқыштарға уақытында қол жеткізе алмайтынын салаға жауаптылар да жасырмайды. Бұл ретте ұйымдастыру жұмыстарының әлсіз екені де жасырын емес.

Саяқ шегірткелермен күрес жұмыстары да әне-міне басталады дейді басқарма басшылары. Қазір сатып алу конкурстары аяқталып келеді. Айта кетейік, алдын ала есеп бойынша 40 мың гектарды өңдеу үшін 92 млн. теңге бөлініп отыр.