Бүгінде кәсіпкерлікпен айналысамын деген азаматқа барлық жағдай жасалған. Қала, аудандардағы кәсіпкерлік мектептерінің өкілдері, әкімдіктегі жер қатынастары және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары кәсіпті бастаудың жолдарын көрсетіп, үкімет тарапынан бар қолдау жайында айтып береді.
Қазығұрт — аграрлы аудан. Мұндағы 64 елдімекенде тұратын халықтың басым бөлігі ауыл шаруашылығына бейімделген. Мәселен, Тұрбат ауылындағы «Сайдусман ата» шаруа қожалығы мал бордақылау және жылыжай шаруашылығын кәсіп етіп отыр. Рахматтула Құрбанов өз отбасын және ауылдықтардың бірқатарын тұрақты жұмыспен қамтуда. Қожалық малдың күтімін жақсы етіп, сапалы ет өткізуді мақсат етеді.
Шаруа қожалығы ірі қара малдың басын көбейтуді жоспарлап отыр. Ол үшін субсидия алуға қажетті құжаттарын түгендеуде. Шаруашылық өзге өңірлермен де байланыс түзіп үлгерді. Былтыр қараша айында Семейден «Ангус», «Ақ бас» тұқымды ірі қара малды сатып алған.
Шаруа қожалығы ет өнімінің бағасын нарықтағыдан біршама арзандау етіп босатуды да жүйелеп қойған. Оңтүстіктен өзге республика көлемінде келісін 1300 теңгеден босатуда. Ал жылыжайдағы өнімнің дәмін бүгінде Шымкент, Қостанай, Алматы, Қарағандының да халқы татып үлгерді.
Былтыр Қазығұрт ауданында “Ырыс”, “Береке” қаржыландыру ұйымдары арқылы жеңілдетілген пайызбен 100 жобаға 288 млн теңге несие берілген. Нәтижесінде, 2017 жылы 30 шағын жоба іске қосылған. Мұның арқасында 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Ендігі мақсат — осы жобалар қолға алынған шаруашылық нысандарында инфроқұрылымды жетілдіру болып отыр.
Ауданда 29 гектарға қосымша жылыжайлар көлемі де ұлғайтылды. Сөйтіп, жалпы көлемі 101 га жеткен. Былтыр жылыжайлардан 10 мың тоннадан астам көкөніс, бау-бақшадан 3-мың тоннадай өнім жиналды. Биыл өнім көлемі одан артпаса кемімейді,- дейді қазығұрттық шаруалар.
Шынар Оразова