Шымкентте 60 күннің ішінде 5 оқушы өз-өзіне қол жұмсады

543
Суицид

Шымкентте небәрі 60 күннің ішінде 5 бірдей мектеп оқушысы өз-өзіне қол жұмсап, 3-і өмірімен қош айтысты. Бұғанасы қатпаған жасөспірімдердің мұндай жантүршігерлік қадамына ата-аналардың балаларына деген жүгенсіз жауапкершілігі — салғырттығы себеп.

Жанұядағы жұмысбастылық пен жанжал да өрімдей перзентін өлімге итермелейді. Шымкент қалалық білім бөлімінің басшылығы педагогтар қауымы және ата-аналармен өткен кеңейтілген кезекті отырыста осылай деп мәлімдеді.

Айтуларынша, қазір күрмеуі күрделі мәселе — суицидтің алдын алу үшін қала мектептерінде жаңа жоба қолға алынып үлгеріпті. Ал жұмыстың нәтижесін іздеген ата-аналар қауымы да тосылып қалмады. Жүйкесі жұқарған ұстаздардың шәкіртті жекіп, ой-санасының жетілуіне жиі кедергі келтіретінін күйіне жеткізді.Шымкенттің білім бөлімі мен мектеп ұжымы, ата-аналар қауымы жұмылдырылған жиын бұл жолы жаттанды өрбіген жоқ. Ә-дегеннен-ақ, әдеттегідей сүр сөзбен емес, түйткілді мәселе — суицидтің алдын алу және біржолата жою үшін қаладағы білім ұяларында қолға алынған жобаны таныстырудан басталды.Ерлан Айтмұхамбетов, «Bilim Foundation» қоғамдық қорының президенті: «Наурыз айынан бастап, бұл жобаны бүкіл қала мектептерінде жүргізетін боламыз. Мұғалімдер және шәкірттердің қарым-қатынасы, сабақтың өтілу тәртібі қадағаланады. Әрбір оқушымен жеке сөйлесіп, ой-танымын анықтаймыз. Жандүниесіне үңілеміз. Осы арқылы көптеген қауіптің алдын алуға болады. Және бұл жұмысқа қоғам тарапынан үлкен насихат керек».

Бұған дейін Қазақстаннын 4 облысында сәтті жүзеге асқан жоба аясында енді Шымкенттегі мектептер, ондағы психологтар мен шәкірттің тәртібін қадағалаушы құзырлы инспекторлар жұмыс жасайды. Бірақ жиынға қатысқан ата-аналар қауымы санаулы күндерден соң, қолданысқа енгізілетін осы жаңа бастамаалды педагогтардың жүйке жүйесі жіті бақыланып, назарға алынғанын қалайды. Себебі ұстаздардың шәкіртті жекіп, ой-санасының жетілуіне жиі кедергі келтіруі де — оқушының өз-өзіне қол жұмсауына жол беруі мүмкін екенін екшеді.Ал Шымкент қалалық білім бөлімінің басшылығы осы мақсатта жүргізілген арнайы сауалнаманы осы жиында қорытындылады.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы:  «Сауалнамаға 3500 оқушының ата-анасы қатысты. «Балаңызды үнемі қадағалайсыз ба?» деген сұраққа  49 пайызы — «Үнемі емес» деп, ал «Үйдегі кикілжіңге балаларыңыз куә болады ма?» дегенге, 57 пайызы — «Ия» деп жауап берген. Ең сорақысы  — баласының ұялы телефонын қаншалықты қадағалайтыны жөнінде сұрағанда, 28 пайызы — қадағаламайтынын жеткізген. Тіпті 82 пайызы өз перзентіне тиесілі телефонның «парольін» де білмейтінін айтыпты. Және осы оқушылардың 68 пайызы «смартфон» ұстайтыны анықталып отыр».Шымкент қалалық білім бөлімінің басшылығы мен педагогтар қауымы және ата-аналармен өткен кеңейтілген кезекті отырыста бұдан бөлек, жасөспірім қыздар арасындағы ерте жүктілік мәселесі де көтерілді. Ал шаһарамыздағы барлығы 133 мектепте 178 297 оқушы білім алатын болса, жыл басынан бері 184 оқушының қылмыс жасап, тәртібі бойынша мектепішілік профилактикалық есепке алынғаны анықталды. Және бұл үшін 8 ата-анаға шара көрілген.