Шымкентте небәрі 60 күннің ішінде 5 бірдей мектеп оқушысы өз-өзіне қол жұмсап, 3-і өмірімен қош айтысты. Бұғанасы қатпаған жасөспірімдердің мұндай жантүршігерлік қадамына ата-аналардың балаларына деген жүгенсіз жауапкершілігі – салғырттығы себеп.
Жанұядағы жұмысбастылық пен жанжал да өрімдей перзентін өлімге итермелейді. Шымкент қалалық білім бөлімінің басшылығы педагогтар қауымы және ата-аналармен өткен кеңейтілген кезекті отырыста осылай деп мәлімдеді.
Айтуларынша, қазір күрмеуі күрделі мәселе – суицидтің алдын алу үшін қала мектептерінде жаңа жоба қолға алынып үлгеріпті. Ал жұмыстың нәтижесін іздеген ата-аналар қауымы да тосылып қалмады. Жүйкесі жұқарған ұстаздардың шәкіртті жекіп, ой-санасының жетілуіне жиі кедергі келтіретінін күйіне жеткізді.
Бұған дейін Қазақстаннын 4 облысында сәтті жүзеге асқан жоба аясында енді Шымкенттегі мектептер, ондағы психологтар мен шәкірттің тәртібін қадағалаушы құзырлы инспекторлар жұмыс жасайды. Бірақ жиынға қатысқан ата-аналар қауымы санаулы күндерден соң, қолданысқа енгізілетін осы жаңа бастамаалды педагогтардың жүйке жүйесі жіті бақыланып, назарға алынғанын қалайды. Себебі ұстаздардың шәкіртті жекіп, ой-санасының жетілуіне жиі кедергі келтіруі де – оқушының өз-өзіне қол жұмсауына жол беруі мүмкін екенін екшеді.
Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы: «Сауалнамаға 3500 оқушының ата-анасы қатысты. «Балаңызды үнемі қадағалайсыз ба?» деген сұраққа 49 пайызы – «Үнемі емес» деп, ал «Үйдегі кикілжіңге балаларыңыз куә болады ма?» дегенге, 57 пайызы – «Ия» деп жауап берген. Ең сорақысы – баласының ұялы телефонын қаншалықты қадағалайтыны жөнінде сұрағанда, 28 пайызы – қадағаламайтынын жеткізген. Тіпті 82 пайызы өз перзентіне тиесілі телефонның «парольін» де білмейтінін айтыпты. Және осы оқушылардың 68 пайызы «смартфон» ұстайтыны анықталып отыр».