Шымкентте 3 оқушыдан ерте жүктілік анықталған

Шымкентте жыл басынан бері жасөспірімдер арасында өз-өзіне қол жұмсаудың 11 фактісі тіркелген. Ал 3 оқушыдан ерте жүктілік анықталған. Жалпы үш айдың ішінде кәмелетке толмағандар арасында 19 құқықбұзушылық анықталған. Бұл туралы қалалық білім басқармасының алқа жиынында айтылды. 

Шымкентте жыл басынан бері кәмелетке толмағандар арасында 19 құқықбұзушылық жасалған. Оның ішінде мектеп оқушылары арасында 3 қылмыс тіркелген. Оның екеуі тонау, біреуі зорлау фактісі. Өткен жылы мұндай кезеңде кәмелетке толмағандар 12 қылмыс жасалған дейді мамандар.

Гүлнар Дәрібаева, Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары:
«9 оқушы өзге өңірдің балалары, Шымкент қаласына келіп құқық бұзған, яғни қылмыс жасаған. 2 оқушы мектеп бітіріп кеткен, еш жерде тіркелмейтін азаматтар. 5 оқушымыз колледж студенттері болып отыр. Ал мектеп жасындағы балаларымыз үш бала. Суицид жасағандардың ішінде бесеуі колледж студенттері , алтауы мектеп оқушылары».

Үш айдың ішінде мектеп оқушылары арасында 3 жасөспірімнен ерте жүктілік анықталған. Өткен жылы да үш оқушы ерте жүктілікке ұшыраған. Оқушылар арасында жыл басынан бері 11 өз-өзіне қол жұмсау фактісі тіркелген. Оның үшеуі қайғылы аяқталған болса, 8-і аман қалған.

Ғабитжан Жандарбеков, Шымкент қаласының ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары: «Іс-шаралардың барысында үш айда түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 225 жасөспірім және түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болған 2162 жасөспірім анықталған. Қадағалаусыз жүрген 230-дан астам жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Сот шешімімен бір жасөспірім Тараз қаласындағы арнаулы мектепке жолданды».

Білім басқармасының алқа отырысына қала әкімінің орынбасары да қатысты. Білім беру ұйымдарының мамандарына бірқатар сын-ескертпе айтқан ол, оқушының тәртібі тікелей ұстаздарға байланысты екенін жеткізді.

Сәрсен Құранбек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Өздеріңіз білесіздер, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы да айтып келеді, адал ұрпақ тәрбиелеуіміз керектігін, адал еңбекке, адал табысқа баулу керектігін тынбай бізге айтып келеді. Осы мәселені өскелең ұрпаққа қалыптастыратын құрметті ұстаздар – сіздерсіздер!»

Биыл үш айдың ішінде прокуратурамен бірлескен зерделеу жұмыстарының нәтижесінде білім беру ұйымдарында – педагог-психолог мамандардың тәжірибесінің жеткіліксіз болуы, наркодиспансерде, полиция бөлімшелерінде есепте тұратын, тұрмысы нашар немесе толық емес отбасында тәрбиеленетін, құмар ойындарға бейім, буллингке ұшыраған, жанжалға бейім балалардың тізім жасалмағаны анықталған. Осыған байланысты білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен жауапты тұлғаларға 238 тәртіптік жаза қолданған.