Шымкентте «улы» балмұздақ сатушылардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Әл-Фараби аудандық полиция бөлімі аталған іске байланысты тексеру жұмыстарын бастап кетті.
ІІД баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, уланғандардың саны 41-ге жеткен. Басым бөлігі балалалар. Сондай-ақ балмұздақ сатқан дүңгіршек жабылды. Құзырлы орган өкілдерінің мәліметінше, улы балмұздақ сатқандардың әрекеті дәлелденсе, заңды түрде шара көріледі. Нақтырақ айтқанда, екі жыл бас бостандығынан айыру немесе 2000 АЕК негізінде айыппұл төлейтін болады.
Ғалым Нұрпейісов, Әл-Фараби ПБ аға тергеушісі: «Шымкент ҚІІБ Әл-Фараби ПБ-не жұқпалы аурулар ауруханасынан 41 адам балмұздақтан уланғаны туралы хабарлама келіп түсті. Аталған жайт Әл-Фараби ПБ-нің СДТБТ-не «Санитарлық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бөлігі бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды. Полицейлермен оқиғаның мән-жайы анықталуда».