Шымкентте «Журналистер ісі» қаралып жатыр

825

Бүгін әл-Фараби аудандық сотында «Журналистер ісі» деп аталып кеткен сот процесінің тыңдауы өтті. Әбдіраман Тұрмағанбетов пен Бағила Қадырбаева, Анаркүл Сүлеева мен Хабидин Рахманбердиев төртеуіне «Адам ұрлау», «Порнографиялық материалдарды тарату», «Алаяқтық» бойынша айып тағылып отыр.

Сотталушы төртеу де бұлтартпас күзет шарасымен қамақта. Прокуратура өкілі тергеу прокурорының еңбек демалысында екендігін мәлімдеді. Осыған байланысты сот отырысы 28 наурызға қалдырылды. Сот отырысынан соң жәбірленуші тарап пен Анар Сүлееваның адвокаты іске қатысты өз пікірлерін білдірді.

Гүлжан Әбдіхалықова, Анаркүл Сүлееваның қорғаушысы: «Менің қорғауымдағы Анар Сүлеева журналист. Түнде Бағила Қадырбаева хабарласып «сенсациялық материал бар» екендігін алға тартып, тез жетуін сұраған. Менің қорғауымдағы Анаркүл Сүлеева кез – келген журналиске тән әдетпен жедел жетіп барған. Ол ешкімді араққа тойдырмаған, түсірілімді ғаламторға жүктемеген. Біз толық ақтауды мақсат етіп отырмыз».

Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, 2016 жылы үш журналист және бір қоғам белсендісі ауыл молдасын арандату мақсатында клофелин қосылған алкогольді ішімдікке тойдырған. Сөйтіп түсірілімді ғаламторға жүктеген. Жалаңаш ер азаматты үйіне апарып, елдің алдында бейнетаспаға түсіруді жалғастырған. Айта кету керек, сотталушы Бағила Қадырбаева бұдан бұрын да алаяқтық бойынша жауапқа тартылып, жазасын өтеуде. Қалған үшеуі жауапкершілікке бірінші рет тартылып отыр.