Түбіртектегі сомамен келіспесеңіз…

542

Коммуналды тарифтер төңірегіндегі түсініспеушіліктер әлі де басылар емес. Редакцияға хабарласқан оқырмандарымыз түбіртектегі төлемақы шамасымен келіспейтіндеріне шағымданады. Айтуларынша, есептеу кезінде үйдегі тұрғын саны ескеріле бермейді.

Есептегіш құралдар – электр энергиясы, су, жылу, газдың шығындары туралы ақпаратты сақтау және көрсету, жинақтау өлшеу құралдары. Коммуналды қызмет түбіртегіндегі сома осы есептегіш құрылғыларының көрсеткішіне сай есептеледі. Заңға сәйкес, коммуналды қызметтердің ақысы әр айдың 25 жұлдызына дейін төленуі керек. Егер төлемдерді осы күннен кешіктірсе, онда жалпы сомадан 1,5% мөлшерінде айыппұл төленеді. Егер түбіртек келмесе немесе ондағы сомаға күдіктенсеңіз, онда түбіртектің төменгі жағында көрсетілген учаскелік нөмірге хабарласып, анық-қанығын білуге болады.

«Энергопоток» ЖШС мамандарының айтуынша, 1 адамға айына бірінші деңгейлі тариф бойынша 70 кВт электр энергиясы тиесілі. Алайда кейде үйде 1 адам тіркеуде болғанымен, тағы 3-4 адам тұрады. Сәйкесінше, отбасы айына электр қуатын 70 кВт астам пайдаланатыны сөзсіз. Егер 1 айда пайдаланған электр энергиясы 70 кВт асса тариф 18,88 теңгеден (мәселен 120 кВт үшін — 2265,6 тг), ал 140 кВт асса 23,61 теңгеден (3305,4 тг) есептелінеді екен.

Бұдан бөлек мамандар, үй иесі өзі үшін үйінде тұратын әрбір адамды тіркеуге тұрғызып, ХҚКО алған әр қайсысының мекенжай анықтамасын орталықтағы КОЛЛ-орталық мамандарына көрсете отырып, базаға енгізу керек екенін айтады.

Ал электр плиталарын пайдаланбайтын жеке тұлғалар үшін:
1-ші деңгейлі тариф –14,49теңге ҚҚС мен 1 кВт/с;
2-ші деңгейлі тариф – 18,88 теңге ҚҚС мен 1 кВт/с;
3-ші деңгейлі тариф – 23,61 теңге ҚҚС мен 1 кВт/с;
Электр плиталарын пайдаланатындар үшін:
1-ші деңгейлі тариф – 12,95 теңге ҚҚС мен 1 кВт/с;
2-ші деңгейлі тариф – 18,88 теңге ҚҚС мен 1 кВт/с;
3-ші деңгейлі тариф – 23,61 теңге ҚҚС мен 1 кВт/с болып белгіленген.

Егер есептегіш құралдары уақытылы тексеруден өтпесе, бұзылса, уақытша ағытылса немесе жоқ болса, онда шығын ерекше тәсілмен есептеледі.
Газ:
— 1 газ плитасы (ыстық су орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылғанда) — айына 10,0 м3 — 1 адамға;
— 1 газ плитасы және 1 су ысытқыш (газ колонкасы) — айына 24,4 м3 — 1 адамға;
— 1 газ плитасы )ыстық су орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылмаған және газ колонкасы жоқтар үшін) — айына 14,6м3 — 1 адамға.
Үйді газбен жылытуға келер болсақ, жылытылатын үйдің 1 шаршы метріне 9,4 текше метр газ тиесілі.

Есептеп көрелік: газ плитасы және су жылытқышы бар 4 бөлмелі пәтерде тұрасыз делік. Үйде 6 адам тіркелген. Бұл жағдайда 24,4 м3 мәнін адам санына (6) көбейтеді. Қорытындысы 146,4 текше метр. Сонда 34,4752 теңге тарифі бойынша 5047,2 теңге төлейсіз.

«Қуатжылуорталық-3» мекемесі мамандарының берген мәліметіне сенсек, жылудың белгіленген нормасы — 0,094Гкал/м2 тең. Есептеуіш құрылғысы бар тұрғындардың жылу үшін ақысы белгіленген тарифке негізделіп есептеледі. Бірақ, оған тұрғын үйдің шаршы метіріне бөлінген есептеуіш құралынан өткен жалпы жылудың көлемі қосылатынын ұмытпаған жөн.

Мәселен, тұрғын үйдің ауданы 2000 ш/м болсын. Бұл үй 1 айда 50 Гкал жылу пайдаланды делік. 50*3298,28/2000=82,46. Енді бұл үйдің тұрғындары үйінің жылытылатын бөлмесіне сәйкес, әр шаршы метрі үшін 82,46 теңгеден төлейді. Ал құралы жоқтар жылытылатын бөлменің 1ш/м үшін 127,06 теңге төлейді (құн салығымен 142,31 тг) төлейді.

Судың ақысын есептеуде тек қолданылған текше метр ғана есепке алынады екен. Бұл мекеме, үйдің ауданын да, ондағы тұрғындардың санын да ескермейді. Бірақ, судың ақысын төлеу кезінде оның сомасында өзгерістер болуы мүмкін. Оған себеп – есептеуішті тексеру уақыты өтіп кетуі. Әдетте ол квитанцияда ескертіледі.

Газ жөнінде: 8(777)727-77-21 WhatsApp нөміріне — счетчиктегі көрсеткішті суретке түсіріп, мекенжайыңызды, аты-жөніңізді, дербес шотыңызды жазып жіберуіңізге болады.

Суға байланысты: 32-12-74, 32-35-74, WhatsApp: 8708-110-21-21
Электр энергиясына орай:40-07-04, WhatsApp: 8775-428-89-22
Жылуға қатысты: 56-50-08, 56-50-20 телефондары арқылы хабарласыңыз.

ЕСКЕРТУ: Төлемдер екі айға кешіктірілген жағдайда, қызмет көрсету тоқтатылады. Бірақ бұл туралы 30 күн бұрын ескерту қағаз келуі тиіс.

Бетті дайындаған:
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ