Түлкібас ауданының әкімі Н.Тұрашбеков 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай аудандағы 100 жастан асқан асыл әжелердің үйіне ат басын бұрып, мерекемен құттықтап, хал-жағдайымен біліп, мерекеге орай сый-сияпат жасады.
Ғасырдан аса ғұмыр кешуді маңдайына жазған асыл әжейлер бүгінде бақуатты. Құттықтап келген әкімге баталарын беріп, ақ алғыстарын жаудырды. Қашан да болсын құрметке лайық аяулы жандар ешуақытта да назардан тыс қалған емес. Жылдағы дәстүр биыл да жалғасын тапты. Ақ жаулықты аналар құрметке бөленді.
Құрсағы құтты аналар Түркібасы жерінде тіптен молынан. Жайлауы жасыл, мұраты асыл адамдар мекен еткен киелі жерде балағынан бала саулаған батыр аналар қатары жылдан жылға артып келеді. Біршама уақыт үзіліп қалған үрдісті бүгінде аяулы келіндер жалғастыруда.
Жалпы ауданда бүгінгі күні 100 жастан асқан 9 ақжаулықты әжелер мен 2 952 көп балалы аналар бар. Оның ішінде 1284 «Алтын алқа» иегері, 1467 «Күміс алқа» иегері, 4 «Батыр ана», бірінші және екінші дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған 44 ана бар.