Тақыр жерден театр ашқан режиссерді еске алу кеші өтті

862

«Өнер жолы — қиын жол, оған талмайтын қанат, таусылмайтын шабыт» керек. Бұл Қазақстанның халық әртісі Райымбек Сейтметовтің айтқаны. Сахна саңлағы көзі тірі болса, сексеннің сеңгіріне шығар еді. Айтулы датаны ескерусіз қалдырмаған үзеңгілестері актерлік мамандығы бойынша білім алатын жастармен кездесті.

«Жаңашылдыққа жаны құштар, сөздің қадірін түсініп, шынайы бейнелерді жасауға ұмтылу Райымбек Ноғайбайұлына ғана тән қасиет еді» дейді көз көрген әріптестері.

 

 

 

Мәжіт Ілиясқар, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері: «Райымбекті қазақтың алатауына және сонау Гималайдың ең биік шыңына теңесек артық айтқандық болмас. Ал өзенге теңесем, Еділмен салыстыратындай ұлы тұлға ол. Театр ілімін жатқа білген адам. Нағыз академик, театр өнерінің үлкен ғұламасы деп айтсам жарасады. Өзіне тән ерекшеліктерімен халық есінде мәңгі сақталатын тұлға. Осындай бір туар азаматымызды еске алып, оны жастарымызға насихаттау берері көп игі шара деп есептеймін».

«Ол өзінің режиссуралық өмірінде ізденімпаз болды. Әрқашан жаңалыққа жаны құмар еді», — деген Сая Қасымбек «Көктүркілер» қойылымын Түркияның 50-ден астам қаласында сахналаған сәттерін еске алды.

Сая Қасымбек, драматург:  «Қзақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Райымбек Сейтметов оңтүстік өңірінде дүние есігін ашып, өнер жолын қуып Алматыға кеткен. Ол қалада ұзақ жылдар қызмет атқарып, кемелденген кезінде туған өлкесіне қайта оралған. Алдымен өнер факультетін ашты. Осылайша театр ашпас бұрын сол театрда қызмет ететін әртістерді дайындады. Оның шәкірттері 2-3-ші  курста-ақ сүбелі дүниелерді жарыққа шығарды. Мысалы «Көктүркілер» тарихи қойылымымен Түркия еліне бір емес екі рет гастрольдік сапармен барып қайтты. Әр адам өзінің өмір жолында бір тарихи тұлғамен замандас болғанына қуанады ғой. Мен де өзімді өнерге, театрға жетелеген ұстазым Райымбек Сейтметов ағамызды қадірлеймін, өте құрметтеймін. Ол кісі үнемі «Тақыр жерден театр аштым» деп айтатын. Шындығында солай. Бүгінде сол өзі негізін қалаған театрға Райымбек Сейтметовтың аты берілген. Бұл бізді қуантады. Яғни, ол кісінің еңбегі ақталды».

Айтулы кездесуге Райымбек Сейтметовтың шәкірттері де келіпті. Олар осынау біртуар өнер иесінен дәріс алғандарын әрқашан мақтан тұтады. Мұндай басқосуға қызығушылық танытып келгендерге берері барын айтады. Ал, жастар жағы сахна шеберінің көзін көріп, бір қазанда қайнаған әріптестерінен өнерімен қоса өмірі жайлы да көптеген ақпарат білгендеріне разы.

Мағжан Арыстан, студент: «Райымбек Сейтметовтың ерекше тұлға екенін білеміз. Ал, бүгінгі кездесуден оның өнер жолымен қатар өмірде де қандай жан болғаны жайында көптеген ақпар алдық. Ол кісінің бірге жүрген әріптестерінен, шәкірттерінен естеліктер тыңдадық. Шынымен ел есінде қаларлықтай мықты әртіс болған екен. Осындай белгілі тұлғаларды танып, біліп өссек артық етпейді деп ойлаймын».

Өнер өлкесінде өзіндік қолтаңбасы бар дарынды тұлғаны насихаттау осы саланың маңызын түсінетін жастар үшін таптырмас мүмкіндік болды. Райымбектің барлық рөліне көрерменнің ықыласы айырықша болатын деген жас толқын соған ұқсап бағуға тырысатындарын айтып, тарқасты.

Райымбек Сейтметов 1938 жылдың 2 наурызында Түркістанда дүниеге келген. 1955 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Актерлік» бөлімі бойынша білім алады. Өнер жолын 1960 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамында бастаған. Ол театрда Әбділдә Тәжібаевтың «Майрасында» адвокатты, Қалтай Мұхаммеджановтың «Бөлтірік бөрік астында» Сұңғатты, Мар Байджиевтің «Жекпе-жегінде» Әзизді, Шекспирдің «Оттеллосында» Касиосын және «Асауға тұсауында» Люченцио сынды рөлдерін шебер сомдаған дарынды әртіс.

Мәскеудегі театр институтының режиссерлік бөлімінде де оқыды. 1982 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Жастар және балалар театрын басқарды. Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Дарынды режиссер түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда театр ашуды мақсат тұтты. Осылайша 2000 жылы Қазақстан театрларының қатарына ең жас Түркістан музыкалық драма театры қосылды. 2001 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан театрына барып «Көктүркілер» тарихи драмасын тамашалады. «Райымбек Сейтметов негізін қалаған Түркістан театрының болашағы зор екеніне сенемін» деген Елбасы өнер ұжымының еңбегіне жоғары бағасын берген болатын.