Заңсыз салынған құрылыстар бұзылады

896

Сарыағаш ауданында мемлекеттік құрылыс нормаларын, ережелері мен талаптарын бұзып, заңсыз салынған құрылыс нысандарын анықтау, түсіндіру, алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай ауданда арнайы жұмысшы тобы да құрылды.

Жұмысшы топ Сарыағаш қаласы, Көктерек кенті, Жібек жолы, Қапланбек ауылдық округтер мен республикалық автожолдың бойындағы өз қаражаты есебінен салынып жатқан, салынған, жұмыс істеп тұрған 487 кәсіпкерлік нысанға талдау жүргізді. Кәсіпкерлік нысан иелеріне Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 316, 319 баптарына сәйкес объектілерді жобалау құжаттамасынсыз салғаны үшін айыппұл көзделгендігі туралы, құрылысты рәсімдеу тәртібі түсіндіріліп, жадынама берілді.

Атқарылған жұмыстың нәтижесінде: заң бұзушылықпен салынған 52 кәсіпкерлік нысаны анықталды, оның ішінде заңбұзушылыққа жол берген 20 тұлғаға әкімшілік құқық бұзушылық Кодексінде белгіленген шараларды қолдану мақсатында облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хатпен мәліметтер жолданып, олар бойынша келесі шаралар қабылданды.

Аудан қөлемінде мемлекеттік құрылыс нормаларын, ережелері мен талаптарын бұзып, заңсыз салынған құрылыстар бұзылатын болады.