Міндетті салық төлемдерін зейнеткерлер сияқты өз уақытында, ұқыпты өтейтін болсақ, көптеген әлеуметтік жобалар жергілікті жерлерде әлдеқашан жүзеге асар еді. Бұл ретте салықшылар да түсіндіру жұмыстары дер кезінде, және тиімді жүргізгені абзал. Себебі, мүлік және жер салығын төлеуде туындаған күрделіктермен арнамызға хабарласқандар азаяр емес.

Қала тұрғыны Геннадий Рылов арнамызға көмек сұрай келді. 80 жастағы қарияның коммуналды қызмет үшін келетін түбіртекті соңғы рет алғанда қан қысымы бірден көтеріліп кеткен. Бірыңғай төлем құжатындағы мүлік салығы деген бағанда қарыз деп 5 мың теңгеден астам сомада айыппұл жазылған. Барлық төлемдерді уақытылы төлеп келген зейнеткер сауалына нақты жауап таба алмапты. Геннадий Рылов, зейнеткер: «Мына түбіртекті алған бойда Әл Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына бардым. Ондағылар енді салықты мына түбіртек бойынша төлейсіз деп бір жапырақ қағаз берді. Сонда қайсысындағы соманы төлеуім керек. Көршілеріме барсам, зейнеткерміз, төлемдерден босатылғанбыз деп отыр. Мен де зейнеткер емеспін бе? Ал мен не үшін төлеуім керек?» Қарияның қойған сауалдарын мемлекеттік кірістер басқармасының мамандарына біз де қойдық. Салықтан зейнеткерлерге расында қандай жеңілдіктер барын білмек болып. Барына бар, бірақ, нақтылайтын тұстар жеткілікті. Ғани Ториев, Әл Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары: «Салық Кодексінің 403 бабында жер және мүлік салығы туралы нақты көрсетілген. Егер зейнеткер жалғызілікті болса онда жер салығынан босатылады, бірақ үйінің бағасы 2 млн. 405 теңгеден асып кетсе белгіленген шекте мүлік салығын төлейтін болады. Дегенмен белгіленген шектен үйдің сомасы аспаған жағдайда зейнеткер мүлік салығынан босатылады. Ал Геннадий Александрович болса екінші түбіртек бойынша 1 мың теңгеге жетпейтін соманы төлейді». Әл Фараби ауданында бүгінде 53 мың салық төлеуші тіркелген. Салықшылар қазір 2014 жылдан бері жиналған берешектерді өндіруге кіріскен. Тағы бір нақтылағанымыз, 2017 жылғы мүлік және жер салығын тұрғындар биыл шілде мен қазан айлары аралығында төлеуі тиіс.

Шынар Оразова