Енді қазақстандықтар жүргізуші куәлігін электрондық үкімет порталында ауыстыра алады. Бұл қызмет Астана, Алматы қалалары мен облыс орталықтарының тұрғындарына ұсынылады.
Жүргізуші куәлігін онлайн тәртіпте ауыстыру үшін электрондық-цифрлық қолтаңба (ЕЦҚ) қажет. Қызмет алушы еgov.kz порталында авторизациядан өткеннен кейін электрондық өтінішті толтырып, ЕЦҚ-мен қол қоюы тиіс. Өтінішпен қоса, фотосурет пен қойған қолының «скан-суретін» де жолдап, сондай-ақ, мемлекеттік баж салығын төлеу керек. Айта кетейік, жүргізуші куәлігінің баж салығы — 1,25 АЕК (3 007 теңге) құрайды.
Қызметті онлайн тәртіпте рәсімдегеннен кейін жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен толтырылған электрондық өтінішті және «Қызметтерді төлеу тарихы» бөлімінен мемлекеттік баж салығын төлеу туралы электрондық чекті басып шығару керек.
Сосын дайын құжатты алып кету үшін тұрғылықты жерде орналасқан мамандандырылған ХҚО-ға немесе жол полициясының ТЕБ-не бара беруіңізге болады. Өзіңізбен бірге қағазға басып шығарылған өтініш пен чекті, ауыстыратын жүргізуші куәлігін, жеке басыңызды куәландыратын құжат, психиатриялық және наркологиялық диспансерден анықтама, 083-нысандағы медициналық анықтаманы апару қажет.