Жарымжан жандарды жұмысқа орналастыруға субсидия бөлінді

490

Семейде мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру мәселесі біртіңдеп шешілуде, деп хабарлайды inform.kz.

Қалалық Жұмыспен қамту орталығы мүгедектерді жұмысқа орналастыруға және олар үшін арнайы жұмыс орындарын құратын мекеме басшыларының шығындарын өтеуге субсидия бөлу мәселесін шешуде. Жыл соңына дейін арбаға танылған 3 адамға және құлағында мүкісі бар 33 жанға субсидия бөлінбек. Бұл мақсатта барлығы 4,5 млн теңге қарастырылған.

Бүгінде қалада мүмкіндігі шектеулі 11 631 жан бар. Олардың 301-і жұмыссыз ретінде тіркелгендер.

«Қазірде мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту мәселесі оңтайлы шешімін тауып жатыр. Жұмыс істеймін деушілердің барлығының тілегін орындауға тырысамыз. Егер мамандығы бойынша дипломы болмаса түрлі тегін курстарға жіберіміз. Бірақ оқуға және еңбек етуге жіберілмес бұрын сауықтыру бағдарламасын жасаймыз. Онда жұмыс саласы мен күрделілігі ескеріледі», — дейді Семей қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Ардақ Байсарина.

Еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары. Алайда мүмкіндігі шектеулі жандар мұндай жұмыстарға қауқарсыз. Сондықтан олар қажетті мамандықтарға қайта оқытылады. Атап айтсақ, қайта даярлау, кәсіптік оқыту және біліктілікті арттыру курстары. Тегін білім алуға 40 мүгедек жан жолданған. Олар әсіресе, дәнекерлеуші, сантехник, шаштараз, тігінші және ЭЕМ операторы мамандықтары бойынша білім алуда.

Сондай-ақ естімейтін және сөйлей алмайтындар қатарындағы 5 адам сурдоаудармашының көмегімен маникюрші және педикюрші мамандығына оқып шықты.