Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданында жеті жасар қыз жоғалып кетті. Бұл туралы inform.kz хабарлады.
Бірінші сыныпта оқитын Инабат Мұхтарқожа Ақниет ауылындағы нағашыларына қыдырып барған. Ал кеше, 26 наурызда күндізгі сағат бір мен екінің арасында туыстары оны таппай қалған.
«Өзіміз Арыс ауданына қарасты Қожатоғай ауылында тұрамыз. Қызымыз нағашыларына қыдырып барған еді. Сол күні есіктің алдына ойнап жүрген екен. Жарты сағаттың арасында жоқ болып кеткен. Қазір бәріміз осында келіп, іздеп жатырмыз. Қандай да бір болжам да жасай алмай отырмыз. Еш хабар жоқ. Ақыл есі жақсы. 2010 жылы туған, бірінші сыныпта оқиды», — дейді анасы. Туыстары баланың жоғалғаны туралы тәртіп сақшыларына да хабарлаған. Іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. «Сол күні-ақ полицияға хабар бердік. Қазір олар да іздеу шараларын жүргізіп жатыр. Жергілікті арнаға да көмек сұрап бардық»,- дейді Ақбота Кәукешова.
Бүгін жоғалған қызды іздеуге сүңгуірлер жұмылдырылғаны жөнінде облыстық ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы Зарипа Тұрысбекова мәлімдеді.
Бас маманның айтуынша, 7 жасар қыз жоғалған Ақниет ауылы маңынан Таскен каналы өтеді. Туыстары жоғалған жеткіншектің сол каналға түсіп кетуі мүмкіндігін айтқан. «Бізге қыздың жоғалғаны туралы хабар кеше түнде жетті.
Оқиға орнына бүгін таңертең сағат 6.40-тан бастап Шардара жедел құтқару бекетінен 6 құтқарушы жетіп, іздестіру шараларын жүргізуде. Оларға 1 техника мен 1 қайық берілді»,- дейді Зарипа Тұрысбекова. Қазір оқиға орнына Сарыағаш аудандық ішкі істер қызметкерлері де жұмылдырылған.