Қалалық мәслихаттың кезекті 26 сессиясының күн тәртібінде 9 мәселе қаралады. Ал бүгін әлеуметік саланы дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның өкілдері қала әкімі аппаратының 5 құрылымдық бөлімі басшылары мен жергілікті полиция бөлімдерінің есебін тыңдады.
Жиын барысында комиссия мүшелері өздерінің бірқатар ұсыныстарын айтты. Ол шаһардағы жолдың сапасыздығы. Қала көшелерін қаптаған ақылы автотұрақтарға және ескі үйлерді жаңғыртудан өткізу мәселелеріне қатысты да ұсыныстарын ашық айтты.
Депутаттар алдында баяндама жасаған қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының айтуынша, биыл 13 млрд. 400 млн. теңге қаражатқа жол жөнделеді. Оның 100 млн. теңгесі тас төсеуге жұмсалады. Ал 200 млн. тенгеге жолдағы тесіктер жамалады. Нәтижесінде 66 көше орташа жөндеуден өткізіледі. Сондай-ақ, жыл сайын жөндеуді қажет ететін Сайрам көшесіне биыл жаңа технологиямен асфальт төселеді дейді сала мамандары.
Қуатжан Жұматаев, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы: «Биыл сол жолдың асфальтын қайтадан жолды жөндеуге пайдаланамыз. Конкурсты жеңіп алған мекемеде арнайы техника бар, облыста ол үш-ақ мемемеде бар. Сайрам көшесінде жүк көліктері көп жүреді, ал жаңа технологиямен салынған жол сол салмаққа төзімді болады».
Әрине бұл жаңалықты депутатар қолдады, әрі жыл сайын сол көшеге қомақты қаражат жұмсалатынын да жасырмады. Жол сапасының көңіл көншітпейтінін де көтерді. Айтуларынша, жол жөндеген мердігерлердің кепілдік мерзімін қайта қарау керек. Себебі жыл өтпей жатып, жол бұзылып қайта жамалып жататын жәйттер өте көп.
Нұрғазы Бұхарбаев, депутат: «Кепілдік мерзімі өтпей жатып жол бұзылған жағдайда оның кепілдік мерзімі автоматты түрде қайта үш жылға созылуы тиіс. Сонда жол салатындар сапасыз жол салса, ол өмір бойы сол жолды жөндеумен өтеді. Осы өзгерісті енгізу қажет».
Қала көшелерін қаптаған ақылы автотұрақтардың әрекеті де депутаттарды мазалап отыр. Халық қалаулылары жүргізушілердің қалтасын ұратын алатаяқтыларды тәртіпке шақыратын уақыт жетті дейді. Заң бойынша әрбір сауда орындарында тиісті автотұрақ болуы шарт екен .
Нұрлан Бекназаров, қалалық мәслихат хатшысы: «Автортұраққа қатысты мәселе, бұрын ала таяқты МАИ қызметкерлері ұстаса, енді кім болса соның қолында ақша табу құралына айналған. Қай жерге тоқтай қалсаңыз, ақша талап етеді. «Тұрғын үй Шымкент» мекемесінің жұмысын қайта қарау керек».
Осы және өзге де мәселелер бойынша ойларын ортаға салған депутаттар сессия барысында айтқан ұсыныстарын хаттамаға енгізіп, бекітіп алуға келісті.
Нұрлан Күдерұлы