Зообақ туралы заң жоқ…

1014

Кеңестік кезеңмен қоштасқанымызға ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, сол кездің заңы үстемдік құрып тұрған жер: зообақтар. Сондағы заң талаптары бойынша бекітілген штат кестесі бойынша жұмыс істеуде. Қайта о кезде заң болыпты. Заң демекші…

Елімізде Зообақтар туралы заң мүлдем жоқ екен. Бір қарағанда күлкілі көрінуі де мүмкін. Алайда расы осы. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңының 10-тарауындағы 53,54, 55,56 бөлімдері ғана зообақтарға арналыпты.. Заң шығарғыштардың құлағына «алтын сырға». Одан басқа «заң» жоқ.

Жетілдірілмеген нормалары бар. Онда «жан-жануар азығын мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асыруға тыйым салынады» делініпті. Сол себепті де Шымкенттегі зообақ келісімшарт арқылы жеткізушілерден алады. Зообақтың арнайы сайтында ілінген. Арасынан іріктеп, арзанын тауып келісімшартқа отыру арқылы аңдарға азық сатып алады. Жануарлардың 6 бөлімі болса, жетіншісі виварий, яғни жыртқыштардың азығын — қоян, тышқан, құрт өсіреді. Бөлім меңгерушілері осындағы тазалық, тұқымдастыру жұмыстары мен зооттехниктің де міндетін қоса атқарады.

Ал Алматыдағы зообақта әр бөлімде екі зоотехник бекітілген. Ал Шымкент зообағында бір ғана техникалық қауіпсіздік маманы бар. 30 гектар аумақты 5 қарауыл күзетеді. Күніне мыңдаған адам келеді. Бәрін қадағалау қиын. Келушілердің мәдениеті әртүрлі. Қимылдамай жатқан аңды таяқпен ұрып, тас лақтырып, ызаландаратындар көп. Ашуына тиеді… Күзетшілер көп керек-ақ.

Зообақта қару жоқ…

Зообақ туралы арнайы заңның жоқтығы көптеген түйінді мәселені шешуге кедергісін келтіруде. Мәселен, қартайған аңдарды келушілердің назарына яғни, экспозицияға қоя алмайды мұндағылар. Оларды алшақ орынға ауыстыру қажет. Ал іріктеме заңдастырылмаған. Тұрағын ауыстырғанда, ызаланған кездерінде тыныштандыру үшін ұйықтатып тастау қажет ететін сәттер де болады. Сондай кезде қару қажет.

Мұндай жүйе Ресейде, Еуропада арнайы заңмен қарастырылған. Оны алу үшін рұқсат қажет. Қару тек директорға ғана беріледі екен. Аң шығып кетсе, басқалай жағдай орын алса директорды күту керек. Мұны реттейтін заң жоқ. Кейбір жағдайларда ит ататындардың көмегіне жүгінеді екен. Алайда олардың дозасы бұл жердегі жыртқыш аңдарға әсер ете бермейді.

Шымкент зообағы ЕРАЗА-ға (Еуразия аквариумдар мен зообақтар ассоциациясына) мүше. Еуропаның, Ресейдің зообақтармен тығыз байланыста. Қандай да бір сауал туындаса солармен ақылдасады. Рационды солардан алады екен. Бірақ олардың заңы біздің елдікімен сәйкес келмей қалатын кездері көп. Сирек кездесетін аңдарға өздері вакцина салып жібереді. Тағы бір мәселе зообақ мамандарын оқытатын оқу орны жоқ. Мұнда көбіне биологтар жұмыс істейді.

Гүлжан Жұмаш