Қызанақ күйесі шаруалардың еңбегін еш етуі мүмкін

987
қызанақ күйесі

Қызанақ күйесі шаруалардың еңбегін еш етуі мүмкін. Қалалық аумақтық инспекция мамандары мен фитосанитарлар осылай деп дабыл қағады. Мәліметтерінше, Шымкентте қызанақ күйесі анықталған. Қызанақ күйесі өте тез дамып өседі.

Шымкент қаласы аумағында қызанақ күйесімен залалданған жылыжай көлемі 4,70 га. Зерттелген жылыжайлар саны 78, оның ішінде залалданған саны – 6.

Мамандар күресу шараларына аса көңіл бөлу қажеттігін ескертеді. Егістік айналасындағы арамшөптерден соның ішінде алқатұқымдас шөптерден тазарту, жарықтандырғыш құрылғыларды орнату – бұл әдісті кешкі  және түнгі уақытта пайдаланған тиімді. Ең басты талап- таза көшеттер егу, залалданған  өсімдіктің жапырақтарын және түйнектерді жұлып алып, арнайы бір метр тереңдікке шұңқырлар қазып, полиэтилендік кленкаларға орап көміп тастау керек, жылыжай кешендерінде майда көзді торлар орнату, ауыспалы егіс жүйесін сақтау. Қызанақ күйесінен сақтанудың тиімді жолдарының бірі- сатып алынған тұқымдық материалды міндетті түрде  карантиндік зертханада сараптаудан өткізу керек.

қызанақ күйесі

Қызанақ күйесі көшетпен, өнімдермен, қораппен және жақын жерге ұшу жолымен таралады. Жергілікті сала мамандары мен ғалымдар қала төңірегіндегі жылыжайларда, ашық топырақта көкөніс дақылдарымен айналысатын шаруаларға зиянкеспен күресу жолдарын үйретті.

Мамандар зиянкес анықталған бойда 55-11-74 байланыс телефонына дер кезінде хабарласу керектігін айтты.  Зиянкестерге қатысты  мәлімет аламын десеңіз,  Шымкент қалалық аумақтық инспекциясы Қабанбай батыр даңғылы, 9В мекенжайында орналасқанын хабарлаймыз.