Әйелін ұрып өлтіргені үшін 11 жылға сотталды

599

ОҚО Сайрам ауданының Қарабұлақ елдімекеніндегі мектеп мұғалімінің өліміне қатысты сот процесі аяқталды. Күйеуі екі баланың анасы, 31 жастағы әйелін өзін өзі өлтірді деген еді. Бірақ тергеу жұмыстарының нәтижесі күйеуінің мәлімдемесінің шындыққа жанаспайтындығын дәлелдеді.

Өз әйелін ұрып, қылқындырып өлтірген. Сөйтіп өзін өзі өлтіргендей етіп көрсетуге тырысқан. Жұбайын өлтірген Еркінжан Нартаевқа сот осындай айып тақты. Бүгін ОҚО мамандандырылған ауданаралық  сотында үкім оқылды.

Дәурен Мадалиев, судья: «ҚР ҚК нің 99-шы бабы, 1-ші бөлігімен кінәлі деп танылып, 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілсін».

Сөйтіп өз әйелін өлтірген сотталушы енді 11 жылын темір торда өткізетін болады. Сондай — ақ, марқұмның ата — анасына 3 млн. теңге моральдық айыппұл төлейді.

Қаңтар айында марқұм әйелдің денесі өз үйінен табылған еді. Екінші қабаттағы шөп жинайтын сарайдың ішінде өзін асып қойды деген еді туыстары.  Бірақ марқұм Юлдуздың ата-анасы қызының денесінен қатыгездікпен ұрылған соққы іздерін байқайды.

Алғашында іс әйелді өзін өзі өлтірді деп танып қылмыс құрамы жоқ деп жабылған еді. Қоғамдық ұйымдардың араласуымен қылмыстық іс қайта қолға алынды.

Лилия Халиулина, «Сана сезім» орталығының заңгері: «Бізге марқұмның туысы хабарласты. Суреттерді көрсетті. Онда соққы іздері көрініп тұрды. Телефон қоңырауларын тексерткенде марқұм өлер алдын бас прокуратураның сенім телефонына хабарласқаны мәлім болды. Іс материалдарымен танысып, қайта қозғауға мұрындық болдық».

Эксгумация жасағанда әйелдің оң жақ қабырғасы сынғаны белгілі болған. Күйеуі күдікті ретінде ұсталып, тергеу оның кінәсін толық дәлелдеген. Сот үкімі оқылған соң бұрынғы құдалардың арасында сот залында шу шыққан жоқ.