Түркістан қаласының әкімі Тәжібек Мұсаев қаладағы индустриалды аймақтағы өндіріс орындары «Түркістан трасса», «Азрет-Жол құрылыс», «Гранд микс», «Строй Сервис ХХІ» «Кордил-Түкістан» «Кадирис» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерін аралап, жұмысын тағы бір қадағалады.
Мұндағы басты мақсат — кәсіпорын басшыларымен жүздесіп, аймақтың тауар мұқтаждығын толықтай қамтамасыз етуге бар күш-жігерлерін салып, мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктерді пайдаланып табысты жұмыс жасау керектігін нақтылап, келешектің жоспарларын пысықтау. Сонымен қатар қала басшысы өндіріс ошақтарын өркендету аймақтың дамуына, халықтың әлеуметтік әлеуетінің көтерілуіне үлкен ықпал ететінін, ең бастысы жұмыссыздықты жоюға айрықша үлесі мол екендігін кәсіпкерлерге тағыда нықтап өтті.
Осы бағытта Елбасының биылғы Жолдауындағы «Кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет.» деген нақты міндеттерін бірлесіп жүзеге асыруға шақырды.
Бүгінде 14 жоба орналастырылған 40 гектар жерді алып жатқан Түркістан индустриалды аймағында өндіріс орындарының қатарын көбейтіп, кәсіпкерлік пен бизнесті дамыту бағытында ауқымды жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.