“Әмірені» күнгейліктер де тамашалады

705

Биыл Париж аспанын әнге бөлеп, күллі әлемді тамсандырған күміс көмей әнші Әміре Қашаубаевтың туғанына — 130 жыл. Тарихи датаның құрметіне орай, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Әміре» фильмі жарық көрді. Тың туындыны алғашқылардың бірі болып күнгейліктер де тамашалады.

Қаламыздағы жалпы-көрсетілімге келушілердің де қарасы қалың болды. Дені — жастар. Ал кинокартинада қазақтың тенор дауысты біртуар әншісі Әміре Қашаубаевтың ерте үзілген ән-ғұмырының жарқын да шуақты, шытырманға толы өмірі қатар суреттеледі. Басты рөлдегі — Әмірені отандық актер Санжар Мәдиев сомдаған. Ал Мұстафа Шоқайдың кейпіне Еркебұлан Дайыров енді. Фильмнің бас продюсері — Әлидар Өтемұратов.

 

Сценарийінен бастап, актерлік, режиссерлік жұмысына дейін халықаралық мамандар тең дәрежеде атсалысқан. Сондықтан болса керек, кинотуындының ұсынылу формасы мен жеткізілу тәсілі, тарихи деректердің сөйлетілуі өзгеше. Сценарий авторы — Бенджамин А. Ван дер Вин. Халықаралық түсірілім тобының құрамында: америкалық-режиссер Джефф Веспа, оператор — Максим Осадчий сынды білікті мамандар бар.

Фильм Латвия, Лос-Анджелес қалаларында, сондай-ақ Алматы облысының Үшқоңыр ауылында түсіріліпті. Кинотуындыда Әміре Қашаубаевтың репертуарындағы «Балқадиша», «Үш дос», «Дудар-ай», «Бес қарагер» және тағы басқа әндері орындалған.

Мөлдір Бекеева