Шымкент зообағында соңғы әлетте жаңалық көп. Қала баласы тек суреттен, теледидардан ғана көретін жылқы да бар мұнда. Жуырда жасы 20-дан асқан жылқы төлдеп, жұртты таң қалдырды.
Негізінде жылқы баққан жұрттың баласы біледі, жылқы үшін 20 жас кәрі болып саналады. Әрі осы жасында құлындауы өте сирек кездесетін жағдай. 20 жастағы жылқының лақап аты «Белка». 17 сəуір күні туылған құлынның қазір жағдайы жақсы. Құлдыраңдап шауып жүр. Алтын түстес құлынды қызықтаушылар көп.
Негізінде жылқының орташа өмір сүру ұзақтығы 25-30 жас деп есептелінеді. Көпшілік соғымға байлап үйреніп қалған соң жылқының жасынан мән бере бермейтіндер де баршылық. Ал тарихқа үңілсек 19 ғасырда Билли есімді жылқы 62 жыл өмір сүрген делінеді. Зообақ тұрғыны қартайған шағында осылайша қуантып отыр.