50 жастан кейін жұмыс табу оңай ма?

775

Жасы елуді еңсерген жұмыссыз азаматтардың жұмыс табуы қиын. Бұған жасы елуден асқан кісілердің жұмыс іздеп, екі қолға бір күрек таба алмай, талай мекеменің табалдырығын тоздырып жүргені дәлел. Өйткені, жұмыс беруші егде жастағыны емес, жастарды жұмысқа қабылдағанды құп көреді. Сонымен Шымкентте жасы елуден асқандарды жұмыспен қамту мәселесі қалай жүзеге асырылуда? Бізді қызықтарған сауал осы еді.

45 жастан аспауы керек
Бірде аялдамада тұрғанымда, орта жастан асқан екі әйел кісінің әңгімесіне еріксіз құлақ түрдім. Бірі Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне барғанын айтып жатыр. Айтуынша, жәрмеңкеде бос жұмыс орындарын ұсынған барлық мекеменің алдынан өтіпті-міс. Ұсынылған мамандықтар тізімінен өзіне қажетін тапса да, жұмысқа орналаса алмапты. Себебі, талапқа сай келмейді екен. Дәлірегі жұмыс берушілер 45 жастан аспағандарға ғана жұмыс ұсынады. Осылайша жұмыс таба алмаған ол мұндай бос жұмыс орындары жәрмеңкесінен көңілі қалғанын айтады. Сөз иесінің өкпесі орынды-ақ. Өйткені, елімізде жұмыссыздықпен күрес қызу жүргізілгенімен, тәжірибесі жоқ жастарды айтпағанда, қаншама жылдық еңбек өтілі бар, өз ісінің мамандары да екі қолға бір күрек таба алмайды.

Жалған жұмыс жарға жықпасын…
Көше бойындағы бағаналар мен аялдамаларға жапсырылған «50-ден асқандар мен зейнеткерлер үшін жұмыс…» мазмұнындағы хабарландырулардан көз сүрінеді.
Десек те оның бәрі дерлік тұрақты жұмыс деп айта алмаймыз. Осындай хабарландырудың бірнешеуінде көрсетілген телефон нөмірлеріне қоңырау соқтық. Телефон тұтқасын көтерген әйел дауысы «өзін менеджермін» деп таныстырды. Айтуынша, бұл дәрі-дәрмекті сатумен айналысатын компанияның филиалы-мыс. Сол компанияның өкілі болуым үшін бірінші кезекте 300 мың теңге көлемінде жарна төлеуім керек екен.


«Қорықпаңыз, бұл сома екі-үш еселеніп өзіңізге қайтады. Қалай дейсіз бе? Компания өндіретін бір пакет дәрі-дәрмек сізге тегін беріледі. Оны қолдануыңызға да, сатуыңызға да болады. Тауарды неғұрлым көбірек сатсаңыз, үстінен көретін пайызыңыз соғұрлым жоғары болмақ. Бонусымыз тағы бар. Бірақ бұл үшін ай сайын жаңа тауар алып тұруыңыз қажет»,- деді телефондағы келіншек. Осылайша ешқандай құжат сұрамаған, тәжірибеміздің бар-жоғына мән бермеген компания бізді әп — сәтте жұмысқа қабылдап, дәрі-дәрмек сататын сауда-саттық менеджері қылып шығарды.
«Косметикалық заттардың өндірісімен айналысатын орталықпыз» деп көрсеткен тағы бір мекемеге қоңырау соқтық. Телефон тұтқасын көтерген оператор қызбен сөйлесе отырып білгеніміз: мұнда да бірнеше мың теңге беріп, бір бума косметика алады екенбіз. Содан кейін 5 құрбыңызды ертіп әкелуіңіз керек. Олар да бірнеше мың теңгеге косметика алады. Және ай сайын жаңадан тапсырыс беріп, өнімді сатып отыруы қажет. Әр құрбыңыз өзімен бірге тағы да 5 танысын тіркетіп, тауарын сата бастаған кезде, сізге айлық шығады-мыс. Осылайша сіздің ізіңізден қосылғандар ертіп келетін адам саны көбейген сайын сіздің жалақыңыз өсіп отырады.
Міне, осылайша егде жастағыларға жұмыс ұсынған хабарландырулардың дені желілік маркетинг болып шығады.

Мемлекет қандай бағдарлама ұсынады?
Дәл осы сауалды Шымкент қалалық әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының директоры Ержан Серікбаевқа қойған едік.
– Мемлекет 50 жастан асқандарды жұмыспен қамтып, қоғамды мазалаған мәселенің шешімін табудың оңтайлы жолын қарастыруда. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» соның айғағы,- деп бастады әңгімесін Ержан Жомартұлы.

— Бағдарламаның бірінші бағыты — азаматтардың түрлі санаттарын, соның ішінде жұмыссыздарды, қысқартуға ілінген жұмыскерлерді, жаппай оқытуды көздейді. Оның екі бағыты бар:
1) еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау;
2) қысқа мерзімді кәсіптік оқыту.

Бірінші бағыттың қатысушылары бір реттік ыстық тамақпен, стипендиямен (16 759 тг), жол жүру ақысы мен тұруға арналған материалдық көмекті ала алады.
Материалды көмектің мөлшері:
1) облыс шегінде, бірақ бағдарламаға қатысушылар тұрақты тұратын елдімекендерінен тыс орналасқан білім беру ұйымдарында білім алған барлық кезеңде оқу орнына баруға және қайтуға — 4 АЕК мөлшерінде;
2) Астана, Алматы қалаларында, Атырау және Маңғыстау облыстарында тұруға ай сайын — 10 АЕК мөлшерінде, қалған облыстарда — 5 АЕК мөлшерінде материалдық көмек беріледі.
Директордың айтуынша, материалды көмек шығыстарды растайтын құжаттар ұсынылмай төленеді екен.
Оқу ешқашан кеш емес. Сондықтан да «жасым келіп қалды, енді оқығаным ұят болар» деп қысылып-қымтырылмаңыз. «Білімімді жетілдіремін, қайта оқимын» деген жандар болс тұрғылықты мекенжайы бойынша Халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуі керек.

Бағдарламаның екінші бағытында да орта жастан асқан жұмыссыз азаматтарды қолдау көзделген.
Екінші бағыт бойынша мемлекеттік қолдау түрлері:
1. «Кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру»
жол жүруге және тұруға материалдық көмек ұсына отырып, кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту, бизнес-жоспарды әзірлеуге жәрдемдесу.
кредиттер/микрокредиттер ұсыну.
2. Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту

Егер сіз жеке бизнесті алғаш рет ашсаңыз, онда мемлекет сізге көмек ретінде кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқытуды жүргізеді («Бастау бизнес» жобасы шеңберінде немесе Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде).
Кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға сондай-ақ, бизнес жоспарды әзірлеуге жәрдемдесу кіреді. Кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды қамтамасыз ететін ұйым тұрақты мекенжайынан тыс орналасқан жағдайда, тұруға және жол жүруге материалдық көмек төленеді.
Бағдарламаның қатысушыларына кредиттерді/микрокредиттерді беру шарттары:
– кредит/микрокредит мерзімі — 5 жылға дейін, (мал шаруашылығы және ауыл шаруашылық кооперативтерін құру саласындағы жобалар үшін — 7 жылға дейін);
– кредиттің/микрокредиттің ең жоғары сомасы — 8 000 АЕК дейін;
– номиналды сыйқы мөлшерлемесі – жылдық 6%-дан аспайды.

Халықты тұрақты жұмыспен қамтуға және еңбек нарығын дамытуға бағдарламаның үшінші бағытының қосып отырған үлесі көп.
– Тұрақты және уақытша жұмыспен қамту: қала аумағында орналасқан мекемелермен кәсіпорындардың өтінімдеріне қарай өз мамандығына сәйкес тұрақты немесе уақытша жұмыс орындарына жолдайды.
– Әлеуметтік жұмыс орындары: Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан жұмыссыздардың жалақысына берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыны ескергенде жалақының белгіленген мөлшерінің 35%-ын құрайды. Бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауға тиіс.
Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырады. Қоғамдық жұмыстар жұмыскердің алдын ала кәсіптік даярлығын талап етпейді және әлеуметтік пайдалы бағыттылығы бар. Қоғамдық жұмыстар жергілікті бюджет қаражаты және жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша олардың қаражаты шегінде қаржыландырылады. Қоғамдық жұмыстар 12 айға ұйымдастырылады айлық жалақысы 47 404 теңгені құрайды.
Сонымен қатар халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарды уақытша жұмыспен қамтамасыз ету үшін қоғамдық жұмыстарға тартады. Қоғамдық жұмыстар жергілікті бюджет қаражаты және жұмыс берушілердің тапсырыстары бойынша олардың қаражаты шегінде қаржыландырылады.
Бүгінгі таңда қоғамдық жұмыстарға – 698 азамат тартылған көрінеді. Әйткенмен, қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтардың саны мардымсыз екен. Ержан Серікбаевтың айтуынша, тұрғындар қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарына да қатыспайды. Себебі, бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқандардың жалақысы аз.
Бүгінгі нарық заманында мұндай жалақымен күн көре алмасы анық. Сондықтан да азаматтар бағдарламаға қатысып жұмысқа орналасқанша, өздігінше жұмыс іздеуге тырысады. Ал іздестіру нәтижесі әрдайым да жемісті аяқтала бермейтіні тағы бар.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ