Адам өлтірген қаруды лақтырып кеткен

578

Ордабасы аудандық соты адам өлтірген азаматты 11 жыл 3 айға қатаң режимде жазасын өтеуге үкім шығарды.

2017 жылдың 27 қарашасында түнгі уақытта Ордабасы АІІБ-нің кезекші бөліміне 1996 ж.т. азаматтың ауруханаға барар жолда қайтыс болған туралы хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнына келіп жеткен полицейлер бір топ азаматтардың араларында жанжал туындап, нәтижесінде анықталмаған белгісіз тұлға 22 жастағы ер азаматқа пышақпен дене жарақатын салып, оқиға орнынан бой тасалағанын анықтады.

Адам өліміне себепші болған қылмыскерді табу мақсатында тәртіп сақшылары жедел-тергеу тобын құрды. Күдіктінің түр-тұлғасын анықтап, оған іздеу жариялады. Тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті азамат Ордабасы ауданының 1995 ж.т. тұрғыны, колледждің студенті екені белгілі болды.

Ордабасы АІІБ-нің жеделізкесушілермен күдіктінің жүрген жерін анықтау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылды. Туысқандары оның Мақтарал ауданына қашып кеткенін айтқан. Алайда, күдікті Алматы қаласына қашып кетіп, ақшасы таусылған соң, Ордабасы ауданына қайтып келгенде 2017 жылдың 1 желтоқсанында тәртіп сақшылары оны ұстайды. Полиция қызметкерлерінің атқарған жұмыстарының нәтижесінде күдікті азамат өзінің жасаған қылмысын толық мойындады.

Оған дәлел ретінде қылмыс болған оқиға тойханалардың бірінде орналасқан бейнекамераға түсіп қалғаны анықталды. Айғақты зат ретінде күдіктінің өзі оқиға орнынан қашып бара жатып, жол бойына лақтырып кеткен қару табылды. Алған дене жарақатының салдарынан ауруханаға барар жолда 22 жастағы азамат, қаладағы жоғары оқу орындарының соңғы курс студенті қайтыс болды.

Ордабасы сотының шешімімен 1995 ж.т. азамат адам өлтіргені үшін 11 жыл 3 айға қатаң режимде жазасын өтеуге үкім шығарды.

ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы