ОҚО сотының апелляциялық алқасы бүгін кісі өлтірген екеудің шағымын қанағаттандырусыз қалдырды. ОҚО мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында алқа билердің қатысуымен шығарылған үкім өзгеріссіз қалдырылды.
Ауылдасын өлтірген екі сотталушы 17 жылға бас бостандығынан айырылды. Алты баласымен жесір қалған әйелі күйеуін өлтірген қандықол қылмыскерлерге кешірім бергенін айтады. Сот үкімі заңды деген пікір білдірген марқұмның әйелі моральдық, материалдық шығынды төлеп беруін талап етіп отыр.
Ғалия Нұралиева, марқұмның әйелі: «Менің талап еткен ақшамды төлеп берсін. Күйеуім кеткелі алты айдан бері аяқтан тоздым. Мен бұларға аналық жүрекпен кешірім де бергенмін».
Төлеби ауданында бір ауылда тұрған қос қылмыскер ауылдасын өліміне себепкер болған. Өздері марқұмды үйінен шақырып алған екен. Туыстары түнімен іздеп қорым басынан өлі денесін тапқан. «Қабырғалары сынған, ауылдас інілері әбден соққыға жыққан», — дейді алты баламен жесір қалған марқұмның әйелі.
Ғалия Нұралиева, марқұмның әйелі: «Не үшін өлтіргенін білмеймін. Бізге сол күйі жұмбақ болып қалды. Он екі қабырғасын сындырған. Миы шашылып кеткен. Олар сияқты күйеуім есірткі шекпейтін де еді. Алты баламмен қалдым. Жұмыс істемеймін. Күйеуімнің зейнетақысына күнелтіп жүрген келген едік. Марқұм екінші топтағы мүгедек еді».
1969 жылы туған 48 жастағы 2-ші топтың мүгедегін соққыға жығып, мерт еткен екі қылмыскердің апелляциялық шағымы сот алқасының қаулысымен қанағаттандырылмады. Ауылдасын азаптап өлтіргендер енді 17 жыл темір торда жазасын өтейтін болады.
Зияддинхан Пірнияз, ОҚО сотының қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы: «ОҚО мамандандырылған ауданаралық сотының алқа билерінің қатысуымен 21.01.2018 ж. шыққан үкімі өзгертусіз қалдырылсын. Сотталушылардың апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын».