Автокөлік ұрлаумен шұғылданған қылмыстық топ қолға түсті

508
ByCars.ru

ОҚО ІІД Сайрам аудандық ІІБ-не жергілікті тұрғын арызданып, онда белгісіз тұлғаның үйінің ауласында тұрған жеңіл автокөлігін жасырын айдап кеткенін көрсеткен. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың сәуір айында полицияға Сайрам ауданының үш тұрғыны осы бағыттағы арыздармен жүгінген.

Аталған деректер бойынша Сайрам АІІБ-ның қызметкерлерінен арнайы жедел тобы құрылып, жан-жақтама іздестіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, ізі суымай күдіктілер үш жас жігіт ұсталды.

Полицейлер анықтағандай, күдіктілер қылмыстық әрекеттерін түнгі уақыттарда іске асырған. Жеке үйлердің ауласында және көше бойында тұрған қараусыз автокөліктерді ұрлап отырған. Ұрланған автокөліктерді қала сыртына айдап әкетіп, доңғалақтары мен аккумуляторларын шешіп алып, сату орындарына өткізіп жүрген.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлерімен күдіктілердің автокөлік ұрлығының 4 дерегіне қатыстылығы белгілі болды, сондай-ақ тағы басқа да ұрлық қылмыстарына қатыстылығы тексерілу үстінде.

Аталған жайт ҚР ҚК-нің «автомобильді немесе көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иемденіп алу» бабымен сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Күдіктілер қамауға алынды Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Оңтүстік Қазақстан облысының полицейлері автокөлік тонаушылардың құрбаны болмас үшін автокөлік иелеріне қауіпсіздік шараларын қолдануды ескертеді. Автотұраққа, аулаға немесе көшеге автокөлікті қояр кезде кілттерін қалдырып кетпей, әрқашан көліктің есігі мен жүксалғышын жауып жүріңіз. Мүмкіндігінше автокөлікке сенімді дабыл жүйесін орнатып, автокөлікті күзетілетін тұраққа қойғаныңыз жөн.

ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы