Автотұрақ мәселесі қашан шешімін табады?

528

Шаһар көшелеріндегі қаптаған заңсыз автотұрақтар депутаттардың назарына ілікті. Қалалық мәслихат жанынан құрылған уақытша комисия мүшелерінің айтуынша, автотұрақтардың қай мекемеге қарайтындығы белгісіз. Жүргізушілердің қалтасын қағып жатқандардың да кімдер екенін ешкім дөп басып айта алмайды.

Есесіне қолдарына алатаяқ ұстағандардан бюджетке бір тиын да ақша түспейді. Бұдан бөлек, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі әлеуметік маңызы бар мекемелердің жанында келушілерге арнап автотұрақ ұйымдастыру үшін ұсыныс әзірлеуі тиіс деді. Әсіресе аурухана мен емхана маңына көбірек көңіл бөлсе, деген ойларын айтты.

Еліміздегі үшінші мегаполис Шымкент көшелеріндегі қолдарына алатаяқ ұстағандар жүргізушілердің ғана емес, халық сайлаған мәслихат депутаттарының да зығырданын қайнатып бітіпті. Депутатардың айтуынша, олардан бір тиын да бюджетке пайда түспейді, тек жолын тапқан пысықайлардың қалтасын томпайтып жатыр. Бір қызығы осы келеңсіздікті біле тұра тәртіпке шақыратын бірде бір мекеме табылмаған.

Жасыратындығы жоқ, шаһар көшелерінде шіреніп тұрғандардың қолдарында құжаттары бар, бірақ ол бір жапырақ қағаздың заңдылығы күмән туғызады. Бүгін белгілі болғаны әуел баста ол мемлеккетік акт «Тұрғын үй Шымкент» МКК рәсімделген екен, бірақ онда автотұрақ ақылы болуы туралы жазылмаған. Кейін құжат бірнеше кәсіпкердің атына ауыстырылып, келісімшарт түзілген. Енді жауаптыны тауып көріңіз.

Депутаттар осы мәселені шешу үшін жауапты мекемеге 10 күн уақыт берді. Бұдан бөлек жиынға келгендер сәулет бөліміне әлеуметтік маңызы бар нысандардың алдында уақытша көлік тұрақтарын ұйымдастыру үшін жер қарастыруды сұрады. Әсіресе қаладағы аурухана мен емханалардың алдында көлік қоятын орын жоқ, ем іздеп келгендерге жағдай жасалмаған дейді.

Сондай-ақ бүгінгі жиында шатқалға бөлінетін қаражаттың тиімді жұмсалуы және көпқабатты үйлерді жаңғыртудан өткізудің сапасы жайында пікірлерін ортаға салды. Айта айта жауыр болып тоқырап тоқтап тұрған Ғ Мұратбаев атындағы балалар темір жолының тағдыры да тілге тиек болды.

Нұрлан Күдерұлы