Еліміздің «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне толықтырулар мен түзетулер енгізілді. Жаңа Салық Кодексі 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Алайда көбіміз бұл өзгерістер жайында естігеніміз болмаса, білеріміз аз.
Ал жеке тұлғалар, яғни қарапайым бұқара жер, мүлік және көлік салығын төлеуге міндетті. Сондықтан салық мамандарымен әңгімелесе отырып, жер, мүлік және көлік салығындағы өзгерістер туралы, бұл салық түрлерінің қалай есептелетінін, кімдерге қандай жеңілдіктер барын білдік. Егжей-тегжейін бірге түсініп көрелік.
Көлік салығына қатысты нені білу керек?
– Көлік салығын төлеуге келгенде халық арасында түрлі түсінбеушіліктер орын алады. Салдарынан бізге келіп дау-дамай шығаратындар көп. Оларды түсінуге тырысамыз. Бірақ, заңның аты заң. Қолдан келер шара жоқ,-деп бастады әңгімесін Абай аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы Сулеймен Садықов.
Айтуынша, көлік құралын сатқан кезде сатып алушы қаржысын үнемдеу үшін сату-сатып алу келісімшартының орнына сенімхат алғанды құба құп көреді екен. Бұл түсінікті де. Өйткені сенімхаттың құны — 2860 теңге болса, келісімшарт үшін 18000 теңге төлеуі керек.
«Алайда, сенімхат беру сатушыны көлік салығын төлеу міндетінен босатады деген сөз емес. Бірақ, көп жағдайда мұны ескермейміз. «Көлік сатылды» деп арқаны кеңге салып жүре береміз. Тек салық органдарынан түбіртек келгенде ғана мәселенің түбіне үңілеміз. Мұндай келеңсіздіктер халықтың заңды жіті түсінбегенінен орын алып жатады»,- дейді маман.
Енді осы мәселені бірізділікке қою үшін, сенімхат сомасы сату-сатып алу келісімшартының мөлшерімен пара-пар болып бекітілді. Сондай-ақ, салықшылар көлікті сатқан сәтінде есептен шығарып тастауға кеңес береді. Айтпақшы, жаңа кодексте қолды болған көліктің салық мәселесі де оң шешімін тауыпты.
– Бұған дейін көлік ұрланса да оның салығын көлік иесі төлейтін еді. Енді жаңа кодекске сәйкес, келеңсіз жағдайда қылмыстық іс қозғалса, іздестіру шарасы аяқталғанша көлік иесі салықтан босатылады. Бұдан бөлек жаңа кодекске сәйкес бірқатар азаматтарға жеңілдіктер қарастырылған.
Атап айтсақ:
– Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілгендер;
– Тыл ардагерлері, соғыс кезіндегі ерлігі үшін орден, медальдармен марапатталғандар;
– 1941 жылдың 22 маусымынан 1945 жылдың 9 мамыр аралығында кемінде 6 ай бойы тылда жұмыс істеген, бірақ марапатталмағандар;
– І-ІІ топ мүгедектері;
– Кеңес Одағының батыры,
– Социалистік Еңбек Ері,
– «Халық қаһарманы»,
– «Қазақстанның Еңбек Ері»,
– үшінші дәрежелі «Даңқ» және «Отан» ордендерінің иегерлері,
– «Алтын алқа», «Күміс алқа» иелеріне салық төлемеуге (иелігіндегі бір көлікке ғана) рұқсат.
Жоғарыдағы санатқа кіретін азаматтардың иелігінде қозғалтқышының көлемі 4000 текше сантиметрден (4 литр) асатын көлік болса және ол 2014 жылдың 1 қаңтарынан кейін сатып алынған болса, онда олар салықтан босатылмайды. Алайда, жеңілдікке ие азаматтар жылына бір рет тіркелген мекенжайына қатысты мемлекеттік кірістер басқармасына жеңілдігін дәлелдейтін құжаттардың түпнұсқасы мен көшірмесін ұсынуы тиіс.
Көлік салығының мөлшерін ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайтынан қарап, есептеуге болады.
Сілтемесі: kgd.gov.kz/kk/calc/transports
Мүлік салығын қалай есептейді?
Егер иелігіңізде тұрғын үй, кез- келген ғимарат, саяжай, гараж немесе өзге де құрылыс нысандары болса, онда сізге міндетті түрде мүлік салығы салынады. Жаңа Салық кодексінде жер және мүлік салығына қатысты айтарлықтай өзгерістер енгізілмеген. Тек 2018 жыл ішіндегі мүлік және жер салығын келесі жылға ауыстырылғаны болмаса. Яғни, бұл салықтарды 2019 жылдың 1 қазанына дейін төлеу керек. Оның мөлшері мүліктің жалпы сомасына байланысты белгіленеді.
Бөлім басшысы Сулеймен Садықовтың сөзінше, мүлікті салық органдары емес, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бағалайды.
Енді осы салықтың мөлшері қалай есептелетінін біле отырайық.
Оны есептеу үшін төмендегі кестені пайдаланыңыз.
Кестеден мүліктің бағаланған сомасын тауып алыңыз. Сол жақ бағандағы бастапқы сома негізгі сома болып есептеледі. Енді оң жақ екінші бағандағы үлгіні негізге ала отырып, мүлкіңіз үшін төлейтін салық сомасын есептейсіз.
Мәселен, сіздің үйіңіз 19 696 900 теңгеге бағаланды делік. Бұл жағдайда кестедегі оныншы қатарды пайдаланамыз.
Бастапқы сома 18 000 000 теңге. Бұл сома екінші бағанда көрсетілгендей — 37 600 теңгеге тең. Енді жалпы сомадан бастапқы соманы шегеріп тастау керек. Шыққан соманы екінші бағанда көрсетілген коэффициентке көбейтеміз. Оған бастапқы сома нешеге тең болса, соны қосамыз.
Есептелік: 19 696 900-18 000 000=1 696 900*0,45%+37600=45236 теңге.
Бұл иелігіңіздегі мүлік үшін 1 жылға төлейтін салық сомасы.
Көпқабатты тұрғын үйдегі жер салығы – 15 теңге
Иә, иә. Қателескен жоқсыз. Салық органдары мамандарының мәліметіне сенсек, көпқабатты тұрғын үйдің жер салығы шамамен 15 теңгені құрайды екен. Бұл сома үйдің қабатына және ондағы пәтер санына байланысты өзгеруі мүмкін. Сол үйде тұратын барлық пәтер иелеріне тиесілі. Ал жеке секторда орналасқан үйдің жер салығы төмендегідей формуламен есептеледі.
Мәселен, біздің жағдайда 8 сотық жер телімі бар делік. Онда ауданы 200 ш.м үй салынған деп қарастырайық. Жер көлемінен үйдің шаршы метрі алынып тасталады. (800-200=600).
Шыққан сома 0,20 коэффициентке көбейтіледі. Сондай-ақ, үйдің ауданын белгіленген 0,87 коэффициентіне көбейту қажет. Шыққан соманы қосамыз.
Сонымен: (600*0,20)+(200ш.м*0,87)= 120+174=294.
Бұл сома жеке тұрғын үйдің 1 жылдық жер салығы.
Тағы бір мысал келтірейік. 10 сотық жер телімінде 350 ш.м үйі бар делік.
Есептелік: 1000-350=650. (650*0,20)+(350ш.м*0,87)=130+304,5=434,5 теңге.
Сонымен, жеке тұрғын үйдің 1 жылдық жер салығы 434,5 теңгеге тең.
Кімдерге жеңілдік бар?
Кеңес Одағының батыры, Социалистік Еңбек ері, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері», үшінші дәрежелі «Даңқ» және «Отан» ордендерінің иегерлері, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен жалғыз басты зейнеткерлерге жер және мүлік салығын төлеуде жеңілдік қарастырылған. Яғни, олар салықты төлеу кезінде 1000 АЕК-тен босатылады. Ал:
–Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілгендер,
– Тыл ардагерлері, соғыс кезіндегі ерлігі үшін орден, медальдармен марапатталғандар;
– 1941 жылдың 22 маусымынан 1945 жылдың 9 мамыр аралығында кемінде 6 ай бойы тылда жұмыс істеген, бірақ марапатталмағандар;
– І-ІІ топ мүгедектеріне жаңа кодекске сәйкес, 1500 АЕК жеңілдік бар.
Мәселен, жалғызбасты зейнеткердің үйі 5 000 000 теңгеге бағаланды. Бұл сомадан 1000 АЕК (2405 000 теңгені) алып тастаймыз. Сонымен үйдің құны – 2 595 000 теңге болып шаға келеді. (1 кестені пайдаланамыз).
Кестеден 2 миллион теңгеге дейінгі бағанды тауып алу керек. Яғни, екінші қатар. Енді жоғарыдағы формуламен есептейміз.
2595000-2000000 =595000*0.08% +1000=1476. Демек зейнеткер жеңілдікпен 1476 теңге төлейді екен.
Сонда бұл зейнеткер жеңілдікпен 1 жылға — 1207,6 теңге төлейді.
Жеңілдіксіз: Кестеден 5 000 000 теңгеге дейнгі бағанды тауып алыңыз.
3 қатар. Мұндағы 4000000=2600 теңге.
Енді жалпы сомадан бастапқы соманы алып тастаңыз. Шыққан сомаға екінші бағандағы коэффициентті көбейтіп, бастапқы сомаға теңестірілген соманы қосыңыз. 5000000-4000000 = 1000000 *0.1% +2600=3600 теңге
Онда бұл зейнеткер жеңілдіксіз 3600 теңге төлейтін еді.
Салықты әрқалай төлеуге болады
Салықтарды онлайн, банктерде және банкоматтар арқылы төлеуге болады. Ол үшін:
БСК – бюджеттік сыныптама кодын;
ТТК – төлемді тағайындау кодын;
СОК – салық органының кодын білу қажет.
Сондай-ақ, Сулеймен Садықовтың сөзінше, қазір салық төлеу туралы хабарлама «Омега» ЖШС тарататын газ, су, жарық, қоқыс түбіртегіне қосылып келеді. Хабарлама берілген күннен 30 жұмыс күні ішінде салық төленбесе, азаматтың ісін сотқа жіберіледі. Содан кейін салық төлемей жүрген азаматтың ісімен сот орындаушылары айналысады. Олар төлемді өндіру үшін азаматтың жеке шотын бұғаттап, шекара асуына тыйым салу шараларын қолданады.
Салықты электронды үкімет порталы арқылы да төлеуге болады. Портал арқылы төлеудегі комиссия — 100 тг.
Жер және мүлік салықтарын төлеу мерзімі бір жылға шегерілді. Яғни, 2017 жылдың жер және мүлік салықтарын биыл, 2018 жылы, ал 2018 жылдың салығын 2019 жылдың 1 қазанына дейін төлеу қажет. Көлік салығын әр жылы 31 желтоқсанға дейін төленуі керек.
Ермек Шамшаев, қала тұрғыны:
– Қалада тұрғаныма 40 жыл болып қалды. 8 соттық жерім мен ауданы 250 ш.м болатын үйім бар. Жыл сайын қазан айына дейін тұрғылықты мекенжайым бойынша жер және мүлік салығын төлеп тұрамын. Бір де бір рет кешіктірген емеспін. Өткенде биылғы, яғни 2018 жылдың жер және мүлік салығын төлеуге аудандық мемлекеттік кірістер басқармасына барғанымда ондағылар менің төлемімді қабылдамады. Келесі жылы келіп төлейсіз деп, шығарып салды. Енді 2019 жылы барамын.
Мейіржан Бекхожаев, қала тұрғыны:
– Иелігімде автокөлік бар еді. 2016 жылдың ақпан айында оны саттым. Бірақ сату-сатып алу келісімшартын жасасқан жоқпыз. 1 жылға «Сенімхат» жазып бердім. Бірде картамнан айлығымды алайын десем, бұғатталып қалыпты. Банкке барсам, салық органдарына бар деді. Сөйтсем, 2016 жылға салық төлемеген соң ісім сот орындаушыларына өтіп кетіпті. Сот орындаушысына барсам, түбіртек беріп тұр. Салық мөлшері мен өзінің қызметі үшін ақысы жазылыпты. «Көлігімді саттым» десем де құлақ аспады. Есептен шығарылмаған, яғни сіздің атыңызда, сіз жауаптысыз деді. Көлігімді сатып алған адамды тауып алдым. Онда да кінә жоқ екен. Ол салықты төлепті. Бірақ өз атынан. Алайда, ол көлік иесі болып табылмағандықтан оның төлемі кері қайтарылды. Сөйтіп, сол қаржыны алып, үстіне сот орындаушысының қызмет ақысын қосып, салықты төледім. «Үнемдеген екі төлейді деген осы екен». О баста құжаттарды құнттағанымда мұндай әуре-сарсаңға түспейтін едім.
Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ