Бәйдібек ауданында ауданнан шыққан кәсіпкерлермен «Туған жерге туыңды тік» атты тақырыпта бас қосу жиыны өткен болатын. Аудан әкімі Б.Танагөзов ауданнан шыққан кәсіпкерлерге ауданның кәсіпкерлік, өнеркәсіп және қайта өңдеу салаларын дамытуға бірлесе атсалысуға шақыра келе, кәсіпкерлерге ауданның жер, табиғи, қазба байлықтары мен ауыл шаруашылығының басым бағыттары бойынша жел және күн электр станцияларын салу және тағы басқа бірқатар ұсыныстар білдірген болатын.
Осы орайда жеке кәсіпкер-меценат Оралбек Ботбайдың демеушілігімен Борлысай ауылдық округінің елді мекендерін Ақтас, Қошқара ата, Кеңсай жарықтандыру жұмыстарын бастап бағаналар орнатылып, электр желілері тартылуда. Сонымен қатар, аталған кәсіпкер Шаян ауылындағы М.Әуезов көшесін жарықтандыру жұмыстарын қолға алып, орнатылатын жарықтандырудың бағаналарының түбірі мен электр желілерінің жер асты жүйесінің жұмыстарын бастады.
Бүгін аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында аудан әкімі Б.Танагөзов, кәсіпкер О.Ботбай, Қытай Халық Республикасынан «Jiangsu Yimei Mei Project Management Co, Ltd» кәсіпорынның басшысы Yuan Lin мен оның қызметкерлерімен кездесті.
Қытай Халық Республикасының кәсіпорын басшылары мен қызметкерлерін шақырып, аудан әкімімен арнайы кездесу ұйымдастырып отырған кәсіпкер О.Ботбайдың негізгі мақсаты «Шаян» индустриялды аймақтан электр шамдарын шығаратын зауыт ашу. Қытай кәсіпкерлері индустриялды аймақтан электр шамдарын жасайтын зауыт ашуға қызығушылық танытып отыр. Осы бойынша арнайы кездесу жиыны өтіп, екі жақтама келіссөздер жүргізіліп, «Шаян» индустриялды аймақтан электр шамдарын шығаратын зауыт ашу бойынша меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар Қытай кәсіпкерлері «Шаян» индустриялды аймақ пен аудан орталығындағы М.Әуезов көшесіне жүргізіліп жатқан электр бағаналарының жұмысын көрді.
Аудан басшысы Б.Танагөзов басқа аудандарға бұрмай, туған жері Бәйдібек ауданына Қытай кәсіпкерлерін ертіп келіп электр шамдарын шығаратын зауыт салуға инвесторлар тартып отырған О.Ботбайға алғысын білдірді.