«Бозбала мен бойжеткен» байқауы өтті

1279
Сарыағаш ауданы әкімдігі

Өзгенің қаңсығын таңсық көріп, ұлттық құндылықтарымызға жат мерекесымақтарға шектеу қоятын кез жетті. Оның орнына өзіміздің бай тарихымыздан тамыр тартатын ұлттық салт дәстүрімізді дәріптеуіміз қажет.

Осының дәлеліндей күні кеше Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде 15 сәуір күнгі «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» мерекесіне орай «Бозбала мен Бойжеткен» атты аудандық байқау өтті. Байқаудың мақсаты қазақ қызы мен ұлының бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай көріктілігін, ептілігін, сегіз қырлы, жан-жақты ұлттық қасиеттерін танып білу, жастар арасынан қабілетті, өнерлі, ынталы, жігерлі жеткіншектерді анықтау, ұлтымыздың салт — дәстүрін құрметтеуге, тілімізді сүюге, тапқырлық пен шешендікке тәрбиелеу.

Байқауға 10 жұп қатысып, өнерлерін жоғары деңгейде көрсетті. Олар ұлттық салт дәстүрге қатысты сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, сүйсінтті. Қазақы тамырдан нәр алған жастардың әрбір дәстүрімізді дәріптеудегі ынта ықыласы көпшілікті тәнті етті. Әуелете ән салып, мың бұрала би билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Байқауға қатысқан жұптардың барлығы да бас бәйгені қанжығасына байлайтындай-ақ білімді, өнерпаз.