Шымкент каналының жағалауы қалалықтардың сүйікті демалыс орнына айналуы мүмкін. Облыс әкімінен арнайы тапсырма алған Еңбекші аудандық әкімдік мамандары Шымкент каналаның бойын тазалауда. Бүгін аумақта заңсыз орналасқан гараждар сүрілді. Орнына көшет отырңызылмақ.

Жұмысшы топ Шымкент каналы бойындағы заңсыз орнатылған гараждарды арнайы көлікке тиеп шығарып жатыр. Жауаптылар Канал жағасындағы 45 гараждың заңсыз орналасқанын анықтапты. Бүгін соның 18-і сүрілді. Гараждардың орны тазартылып, ағаш көшеттері отырғызылатын болады. Осылайша демалыс аймақтарының қатарын толықтыруды жоспарлап қойған.

Шымкент каналы жағалауын демалыс аймағына айналдыру облыс әкімінің бастамасы. Бұл тапсырманы орындау мақсатында қала, аудан әкімдіктері шара түзген. Ұйымдастырылған сенбіліктердің біріне өңір басшысы қатысып, халықты тұрып жатқан аулаларын таза ұстап, көшелерін абаттандыруға шақырған еді.

Облыс әкімінің бұл бастамасын 12-ші шағынауданның тұрғыны Тимур Ысқақов қолдайды. Сондықтан да канал бойындағы гараждарды сүрудің басы қасында жүрді.

Тимур Ысқақов, 12 -ші шағынауданының тұрғыны: «Біздің бастамамызды Еңбекші ауданы әкімдігі қолдап, бүгін техника мен жұмысшылармен көмектесті. Бүгін заңсыз орнатылған гараждардың барлығын сүріп , орнын тазартамыз. Мұнда көшеттер отырғызылып, орындықтар орнатып, демалыс аймағына айналдырамыз. Қарт ата-аналарымыз осында тынығып, балаларымыз ойнайтын болады».

Ұзамай Шымкент каналының жағалауы адам танымастай әсем демалыс аймағына айналады. Билік бастаған жобаны тұрғылықты халық та қолдап отыр. Екі жақта өздеріне жүктелген міндеттерді орындаса, шырайлы шаһарымыз көркейіп жасыл желектің қатары толығады.

Шынар Оразова