Күнгейде кене шаққандардың саны 1 018 адамға жетті

325

Ол өткен жылдың осы мезгілімен салыстырғанда екі есеге артық. Ветеринар дәрігерлер бірінші сәуірден бастап қырым қанды қызбасына қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізіп жатыр, тек жауын шашынды ауа райы жұмысты жылдамдатуға мұрша берер емес.

Шымкент қаласына 2015 жылы қосылған Көкбұлақ елді мекенінде 300 — ге жуық түтін бар. Ауыл тұрғындарының айтуынша мал басы баршылық. Шаруаның күнкөріс көзі сол төрт түлік болғандықтан қора қопсы мен малдарды дәрілеуге келгендерді қуана қарсы алады екен. Тіпті қолқабыс беруге де даяр. Дей тұрсақ та тұрғындар үй ішіндегі кенелерден құтылу жолын жиі сұрайды екен.

Шымкент қаласының тұрғындары кенеге таланудан облыс бойынша көш басында тұр. Өткен жылдың осы мезгілінде 122 кісі кене шақты деп шағымданса, биыл ол 323 адамға бірақ жетіпті.

Екінші орында Түркістан онда 170 адамды кене шаққан. Сала мамандарының айтуынша кенені түпкілікті жойып жіберу мүмкін емес, бірақ залалсыздандыру науқанын сапалы өткізсе ол өзінің оң нәтижесін береді. Оның үстіне тұрғындарда да сақтық инстингі күшті дейді.

Қазір облыс бойынша 4 миллионнан астам ұсақ, 1 миллионнан астам ірі қара мен 11 млн. шаршы метрге жуық қора қопсы қырым қанды қызбасына қарсы дәріленеді деп жоспарланып отыр. Ол үшін бюджеттен қаражат бөлінген. Ауа райының қолайсыздығынан науқанның созылатын түрі бар.

Нұрлан Күдерұлы