Кентау мен Хантағыда биыл табиғи газ құбырын тарту жұмыстары басталады

267
Кентауға газ келеді

Республикадағы 27 моноқалалардың қатарына енгізілген Кентау қаласы тұрғындарының әлеуметтік ахуалы жақсарып келеді. Оған дәлел көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп, 74 шағынаудандардың инженерлік инфроқұрылым жүйелерінің құрылысына 21 млн. теңге бөлініп, электр бағаналары орнатылды.

Болашақ, Батыс Жұлдыз шағынаудандарында  18,8 шақырым жол, 33 шақырым электр желілері тартылып, трансформаторлар орнатылды. Ең бастысы мұнда кәріз жүйелері бар. ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде есеп берген әкім жағымды жаңалығымен БАҚ өкілдерімен бөлісті.

Кентау қаласының әкімі Әбдібақыт Мақұлбаев

Әбдібақыт Мақұлбаев, Кентау қаласының әкімі: Кентау  шаһарын табиғи газбен қамтамасыз етуге арналған  таратушы газ құбырының құрылысы былтыр  аяқталды. Бұл мақсатта бюджеттен 3842,7 млн. теңге бөлінген болатын. Кентау қаласын және Хантағы ауылын табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында 67,8 млн. теңгеге ЖСҚ әзірленді. Жұмыстар ағымдағы жылдан бастап 3 кезең бойынша іске асырылатын болады».

Кеншілер қаласы, Хантағы, Байылдыр, Қарнақ ауылдары мен Құшата елдімекендері  тәулік бойы, Ащысай ауылы 12 сағат  ауыз сумен қамтылған. Қаңырап тұрған Ащысай ауылының тамырына қан жүгірту мақсатында елдімекенде  кен өңдеу кәсіпорнын салу жоспарда бар. Құны 4 млрд. теңгені құрайтын «Ащысай түстіметалл зауытына» құрал-жабдықтарды орналастыру және жыл соңына  қарай бастапқы  іске қосу жұмыстары жүргізілетін болады.

Ащысай ауылында түстіметалл зауыты іске қосылмақ. Ащысайда  тозығы жеткен көпқабатты үйлер баспана кезегінде тұрған азаматтарға үлестіру бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Кентаулықтарды жұмыспен қамту бағытында «Кентау Полиметалл» ЖШС-ң жалпы құны 650 млн. теңгені құрайтын полиметалл концентратын өндіру және өңдеу өндірісінің құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы аяқталып, іске асады. Барит кен орнын өндіру өндірісі жоспарлағандай іске қосылса тағы 200 адам  тұрақты жұмыспен қамтылады.

Айта кететін жәйт, Кентау қаласының оқушылары ҰБТ қорытындысы бойынша соңғы бес жылда облыста көш бастап тұр. Былтыр қала бойынша 742 оқушы мектепті бітіріп, 576 сы 90,6 балл жинаған. 372 түлек мемлекеттік грант иегері атанған.

Биыл 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылуы тиіс.  Қаладағы «Кеншілер» саябағының күрделі жөндеуіне 22 жарым млн. теңге қарастырылған. Бұдан бөлек, Ащысай, Қарнақ, Хантағы ауылдарында 12 пәтерлі 3 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізіледі. Бұл мақсатта 206 млн. теңге бөлінген.