ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев Шымкент қаласының активімен кездесіп, Елбасының бес әлеуметтік бастамасы және оның жергілікті жерлерде орындалуы барысын талқылады. Баспанамен қамту, білім алуға гранттар бөлу, жатақхана салу, елдімекендерді газдандыру өзекті мәселелер екенін тілге тиек етті. Халықты әлеуметтік жағынан қолдап, әл ауқатын арттыру басты мақсат дейді халық қалаулысы.
Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Ауылдан қалаға көшіп, пәтер жалдап тұрып жатқан ағайындарымыз қаншама? Ауылға қайтуға намыстанған азаматтарымызға қолдау көрсетуіміз керек. Ол да баласының қалада жақсы білім алып, жақсы жағдайда өскенін қалайды. Баспанамен қамту мәселесін де жергілікті билік міндетін өз деңгейінде орындауы тиіс. Ауылдан қалаға коныстанған ағайындарымызды кезекке қойып, олардың баспаналы болуына жағдай жасау қала, аудан әкімдерінің міндеті. Қазақстан өзге елдермен салыстырғанда халықты әлеуметтік жағынан қолдауда көш басында. Еш уақытта ардагерлері, ақ жаулықты аналары, жетімдері назардан тыс қалмаған».
Шара барысында қатысушылар көкейінде жүрген сұрақтарын мәжілісменнің өзіне қоюға мүмкіндік алды. Мектеп директоры оқушылардың қауіпсіздігін қамту бойынша білім ордасына жүктелетін міндеттер мен талаптарды қайта қарау қажет деп есептейді.
Марат Бейсе, мектеп директоры: Бүгінде оқушылардың арасында мектеп қабырғасы не мектептен тыс жерде құқықбұзушылық орын алса мектеп басшысы дер кезінде құқыққорғау органдарына хабарлауы тиіс. Ол жәйттар жасырылса, онда Әкімшілік Кодексі бойынша мектеп басшылығы 10 АЕК айыппұл төлейді. Өздеріңіз байқағандай мектепке талап күшейтілген. Ал ата-ананың жауапкершілігі ше? Тәрбие отбасында берілмесе, біз мектепте білім береміз бе, әлде балалардың тәрибесіне де, қауіпсіздігіне де жауап береміз бе? Осыған дейін Парламентпен бізде тығыз байланыс болатын. Сол үрдісті жалғастыру қажет сияқты. Біз ұсыныстарымызды беруге дайынбыз. Сіздер қарастырсаңыздар».
Әли Бектаев, сенатор: «Барлық ұсыныстарыңызды жазып жолдаңыз. Біз қарастырып шығайық. Алайда мен ата-аналардың жауапкершілігіне қатысты пікіріңізбен толық келісемін. Тәрбие отбасында бастауын алады. Сондықтан ұстаздар балаларға бағыт — бағдар көрсетіп, ең бастысы сапалы білім беруі тиіс».
Кездесуде ұлттық код, ұлттық сана сияқты рухани жаңғыруға байланысты ойлар да баяндалды, білім саласына бөлінетін гранттар ақталады ма деген пікірлер де айтылды.
Асылбек Бекбай, ОҚПУ заң факультетінің 2 курс студенті: «20 мың грант бөлінеді деген бастамада. Сол грантта оқыған жігіттер білімді болып шығады ма? Ұстаздарға оқытатын жоғары оқу орындарына грант бөлу мәселесі қарастырылады ма? Ұлттық код, рухани жаңғыру деп жоғары деңгейде айтамыз. Ал бір топтың әншісі «НұрОтан» партиясының Жастар қанатына мүше. Осыған не дейсіздер?»
«7-20-25» бағдарламасы бойынша тұрғындарды баспанамен қамту бағдарламасы аясында салынатын тұрғын үйлердің сапасына аса көңіл бөлінсе деген ұсыныс та қабыл алынды.