Монғолиялық онколог обырға шалдыққандарға ота жасайды

873

Монғолиядан келген білікті онколог Шымкентте қатерлі дертке шалдыққан науқастарға күрделі ота жасайды. Жигжидсурен Чинбурен бастаған бір топ дәрігерлер бүгін күнгейлік ақ халаттыларға шеберлік сабағын өткізді. Білікті мамандардың дәрісінде сұрақтар көп болды. Айта кетейік, Жигжидсурен Чинбуреннің биыл Оңтүстікке сегізінші рет келуі.

Алтын қолды хирург бұған дейін өңірімізде бауыр обырына душар болған 50 науқасқа күрделі ота жасаған. Күрделі оталарды жасау арқылы шетелдік маман күнгейдегі ақ халаттыларға біліктілігін үйретуде. Чин Бу Рен мырзаның сөзінше, қатерлі дертке шалдыққан науқастарға кешенді ота жасау ең басты емдердің бірі. Сондықтан, монғол дәрігері бұл жолы да кешенді операция жасап, обыр дертіне шалдыққан науқастарға жаңа өмір сыйламақ.

Статистикалық мәліметтерге сүйенетін болсақ, облыста қатерлі дертке шалдыққан 13 мың 115 науқас есепте тұрады. Соңғы үш жылда 410 науқас бауыр обырына шалдыққан.

Өкінішке қарай, жылда есепке алынатын науқастардың 30-50 пайызының өмірін аман алып қалу мүмкін емес дейді дәрігерлер. Ал, монғолдық хирургтар қолданатын емдік тәсіл шығыс елінің медицинасына басымдырақ. Қарапайым тілмен айтқанда ота кезінде қан жоғалтуды азайту. Бұл тұрғыда біздің оңтүстіктегі медицина саласының мақтан тұтар тұсы көп. Бауыр дертіне шалдыққан 40 науқасқа күнгейлік дәрігерлер кешенді отаны өздері сәтті жасап шыққан.

Алмас Орманов, онкохирург: «Біз бауыр отасын сәтті жасап жатырмыз. Кешенді ем деген -қабылдау бөліміне түскен науқастың жағдайдың қосалқы ауруларын, ісіктің таралуын ескере отырып, қолайлы шешім қабылдаймыз».

Айта кетейік, бұл іс сапар барысында шетелдік тәжірибелі маман бауырдың қатерлі ісігі диогнозы қойлыған науқастарға кешенді ота жасауды жоспарлап отыр. Қазір науқастар отаға әзірленуде.