Нашар ирригация, қауіпті жағалаулар

803

Көктем келді дегенше, кейбір көшелерді су алды дей беріңіз. Ауа райын болжаушылар «биылғы көктем жаңбырлы болады» деп отыр. Онда арнасынан тасыған арық-атыздар тұрғындарды біраз әбігерге салатыны бар. Осындайда Шымшаһардың ирригациялық жүйелерінің жайына алаңдамасқа лаж жоқ.

Ирригациясы тұйықталған 32 көше


Шымкент үшін ирригация мәселесі өзекті. Мәселен, күні кеше жауған жаңбыр қала тұрғындарын да ирригация саласына жауапты мамандарды да әбігерге салды. Дәлірегі, Бәйдібек би және Төлеметов көшелерінің қиылысындағы бірнеше үйдің ауласын су басты. Тәулік бойына сумен арпалысқан тұрғындардың айтуынша, қара су тізеден келген. Қошқарата өзені маңында орналасқан үйлердің ауласын да су басты. Ал «Қайтпас», «Самал», «Шұғыла», «Ынтымақ» шағынауданының тұрғындары өзен бойында тұрмаса да, жауын жауғанда тобықтан су кешеді екен. Бұған ирригациялық жүйелердің жүргізілмеуі себеп. Тіпті жауын жауғанда арық-атызы жүргізілген көшелерде де көлшіктер пайда болатынын көзіміз көріп жүр. Мәселен Тәуке хан даңғылы, Н. Төреқұлов пен М.Х.Дулати көшелері, Ә.Мангельдин көшесі мен Темірлан тасжолының қиылысы, Қазыбек би және Түркістан көшелері қиылысында жауыннан соң аяқ алып жүру мүмкін емес. Арық-атыздар қоқысқа толы. А.Байтұрсынов көшесін айтпасқа болмас. Орталық көшелердің бірі саналатын бұл көшеде арық-атыз атымен жоқ.
Қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімі мамандарының айтуынша, қазіргі кезде қаладағы барлық көшелер жіті бақылауға алынған.
— Жол бойындағы арық-атыздарға жиналған су арнасынан тасып, көлшікке айналады. Бұл тұрғындардың жауапсыздығынан орын алуда. Өйткені, олар арық-атыздарды өздігінше жауып қойған немесе шаруашылық нысандар тұрғызады. Енді бірі — арық-атызды «қоқыс шелегіне» айналдырады, – дейді олар.
Кейбір шағынаудандарда ирригация жүйесіне қатысты бірқатар мәселелер туындап отыр. Мәселен «Шұғылада» тұрғын үйлер арқылы өтетін арық салынған. Алайда тұрғындар құрылыс салған кезде арық-атыздарды бөгеп тастайды. Ал, Қошқарата өзені бойындағы үйлер су арнасына өте жақын орналасқан.
Мамандардың мәліметінше, қаланың ирригациялық жүйесі ескіріп, жарамсыз күйге енген. Бұл мәселе басты назарға алынып отыр екен. Биыл Түркістан көшесіндегі тозығы жеткен ирригациялық жүйе жаңартылады. Мұндағы ирригациялық өткел Қошқарата өзеніне дейін созылады. Сондай-ақ, 32 көшеде тұйықталған ирригациялық жүйелерді жою жоспарланған.
Шымкенттің ирригациялық жүйелерінің тазалығына үш мекеме: «ЛТД-Тұрмыс» ЖШС, «Бәйтерек ЛБ» ЖШС және «Югдорсервис» ЖШС жауапты.
Намаз Серікбаев, Төлеметов көшесінің тұрғыны:
— Өткен жылы ұзындығы 240 метр ирригациялық арықтар салынған. Арықтың диаметрі 300 мм. Дегенмен, судың мөлшері көбейгенде арыққа сыймай, су көшені басып қалады. Себебі Бәйдібек би көшесінің астынан өткізілген құбыр су көлемі көбейсе, өткізуге қауқарсыз. Одан тағы да тұрғындар зардап шегеді.

Нұрлан Бектұрсынов, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
— Өткен жылы жиналған суды «Тұлпар» жасанды көліне жіберуге әрекеттенгенбіз. Бірақ, көлемі үлкен құбыр жүргізу мүмкін болмады. Себебі, жер астында жатқан инженерлік жүйелер оған сай келмейді. Бір жолы ирригациялық лотокты ары созу керек. Сонда ғана проблема шешіледі. Биыл мұнда қайта зерделеу жұмыстары жүргізіледі.Биыл ирригациялық жүйелер жүргізілетін көшелер:

1. Абай ауданы:
— 3 ш/а №2 үй,
— 4 ш/а Қабылбеков көшесі,
— Самал-3 Ерназаров көшесі,
— Қазығұрт ш/а Әулие ата көшесі,
— Қатын көпір ш/а Теміртау көшесі.

2. Әл Фабаби шағынауданы
— Химфарм ш/а Партизан көшесі,
— 195 орам, Нұршашу көшесі (30 бадам),
— Диваев көшесі №129, №142б үйлер.

3.Еңбекші ауданы:
— 18 ш/а №14,15,16,17,20 үйлер,
— Күншығыс ш/а №106 үй,
Жанқожа көшесі,
— Мельникайте көшесі .
(Казбакалейторг)

4.Қаратау ауданы:
— Ақжайық ш/а,
— Сырым батыр көшесі.

Жағалауы қоршалмаған …
Шымкенттің ортасымен ағып өтетін 1 өзен мен бірнеше канал бар.
Олар: Қошқарата өзені және Қарасу, Шымкент, Жаңашек, Ақсай, Қарабастау, Жағабай арналары. Бадам өзенін назардан қалдырмаған жөн. Шымкенттің орталық бөліктеріндегі жаңбыр суы Қошқарата өзені мен Қарасу каналына, Қорғасын зауыты мен «Самал» шағынауданында жиналған су – Бадам өзеніне жіберіледі. Ал «Нұрсәт» пен «Әкімшілік-іскерлік орталығының» арық-атызынан ағып келген су Дендросаябақ маңындағы арықпен «Самал» шатқалына бұрылмақ.


Су арналары туралы сөз қозғағанда жақында орын алған қайғылы жағдай жайында айтпасқа лаж жоқ. Еске салсақ, 11 наурыз күні сағат 14:00 шамасында Ю. Гагарин көшесінің бойындағы «Поплавок» тойханасының маңында екі жарым жасар Әлинұр Ерболатұлы есімді бала жоғалып кетті. Араға бір тәулік салып жоғалған орнынан бірнеше шақырым жердегі судан баланың денесі табылды. Белгілісі мейрамхана ауласынан Қарасу каналы өтеді екен. Соның жанында суға құлап кеткен көрінеді.
Байқағанымыздай қалада мұндай қауіпті аймақтар көп. Бала тұрмақ ересектің өзі құлап мертігуі мүмкін. Қаладан ағып өтетін үлкен арналарды аралап шықтық. Канал жағалауының көбісі қоршалмаған. Айналасында ата-анасының қарауынсыз ойнап жүрген балалар көп.
Жыл басынан бері күнгейде кішкентайлардың суға кетуінің басы бұл емес. Ақпан айында Ордабасы ауданында 3 жасар бүлдіршін суға кетсе, Отырар ауданында да 7 жасар жеткіншек өзенге құлап кеткен еді. 3 жасар баланың денесі көп ұзамай табылды. Ал отырарлық жеткіншектің денесі әлі табылар емес.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ